Көктем басталса да қарлы бораннан көз ашпаған 4 бірдей облыста жолдар жабылды - kaz.caravan.kz
  • $ 519.51
  • 611.83
+24 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көктем басталса да қарлы бораннан көз ашпаған 4 бірдей облыста жолдар жабылды

Көктем басталса да қарлы бораннан көз ашпаған 4 бірдей облыста жолдар жабылды

Наурыз айының ортасына таяп қалса да қарлы боран қыспаққа алуын тоқтатар емес. Өткен демалыс күндері еліміздің 4 бірдей облысында жол жабылып қалды. Соған қарамастан сапарға шығып кеткен мыңдаған көліктер қар құрсауынан шыға алмай тұралап қалған. Қарлы боран салдарынан қаза тапқандар да бар. Өңірлердегі ауа райының тосын мінезі туралы Саят Сабдалы баяндайды.

  • 12 Наурыз 2013
  • 514
Фото - Caravan.kz

Солтүстік Қазақстан облысында қарлы боранда 60 жастағы әйел жоғалып кетіп, денесі 4 күннен соң табылды. Жалпы,Петропавл маңындағы жолдар ақтүтек бораннан қарлы соқпаққа айналып, көлік қозғалысы күрт қиындаған. Ресеймен арадағы шекара бекеттерінің өзі толығымен қардың астында қалды.

Павлодар облысындағы жолдарда құтқарушылар түн қатып жүріп жұмыс істеген. Павлодарское ауылына баратын жолда тұралаған 30-ға тарта көлік 12 сағат дегенде әрең қар құрсауынан шығарылды. Төтенше жағдай да болмай қоймады. Қожамжар ауылында қатты соққан желден мәдениет үйінің шатыры жұлынып кетіп, 29 жастағы келіншекті басып қалған.

Ажар Әбілғазина, Павлодар облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

— Шатырдың бір бөлігі келе жатқан әйелдің басына түскен. Ол сол жерде көз жұмды.

Қарағанды облысы да қарлы боранның азабын аз тартқан жоқ. Көз аштырмас ақтүтек боранда көліктер де соқтығысты, тұрған жерінде қар астында қалып қойғаны да бар. Төтенше жағдайлар қызметі екі тәулік ішінде жолда қалған 2000-ға жуық адам құтқардық деп иығынан демалады. Кезек күттірмейтін арнайы шақыртулар да болған.

Қуаныш Мүталапов, Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:


— Аяғы ауыр адамдарды ауылдан шығару операциялары болды. Бұхар жырау ауданында екі жағдай болды. Ол жерлерге жай көлік жете алмағандықтан тіпті ауыр БТР техникалары жіберілді.

Астана-Көкшетау бағытындағы жолда да ел көрген құқай аз емес. Ақ қар мен көк мұздың арасында көліктер шатқаяқтаған соң Астанадан шыға беріс жолдар жабылған. Бүгін жолдан соқпақ жасап жеңіл көліктер жіберіле бастағанмен, жүздеген жүк көлігі жолда қаңтаралып тұр. 

Осман Шамшилов, жүргізуші:

— 2 тәулік  тұрмыз, жанар жағар май  таусылып қалды. тамақ жоқ.

Елдің орталық өңірі мен солтүстігін алай дүлей еткен  күн райы бүгін тынышталған. Осы сәтті күткендей елдің бас құтқарушысы. Төтенше жағдайлар жөніндегі министр де атқа қонып, қар алған жердерді тікұшақпен бақылады.  

Үш күн бойы соққан боранның беті қайтып, қар алған негізгі жолдар біртіндеп ашылды. Енді күн көзінен қар ери бастады. Қазір, Божконы осы мәселе толғандырып жүр. Министр келер көктемнен жақсылық күтпеңдер дегенді меңзейді. Өйткені, бір ғана Шығыс Қазақстанда су тасыса, келетін шығын 33 миллиард теңге болуы мүмкін деген болжам жасалған.