Орхусс конвенциясын сақтау мәселелері жөніндегі комитет "Көкжайлау" тау шаңғысы курортының салыну жоспарларына наразы алматылықтардың арызын қарауға кірісті, деп хабарлады экологиялық "Жасыл құтқару" қоғамы.
"Көкжайлау" жобасы туралы хабарды Алматының бір топ тұрғыны 2013 жылы 31-мамыр күні берген, оны Комитеттің 41-ші отырысы 25-28 маусым күндері қабылдап, қарау туралы шешім қабылдады.
26-шілде күні Комитет сәйкесті құжаттарды өтініш берушілердің атына, қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігіне және басқа да халықаралық ұйымдарға жөнелтті, деп атап өтілген жұмада қоғамнан таралған баспасөз хабарламасында.
"Қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғау министрлігі Орхусс конвенциясы тараптарының бесінші отырысына ұлттық баяндама дайындауға кіріскен, онда Конвенцияның 7-бабын орындауға кедергі жоқ, делінген. Авторлар көрсеткендей, бастапқы кезеңде шешім қабылдау процедурасына жұртшылықтың қатысуын реттеуші 6-шы бапты орындауға басты кедергі болып отырған жәйт "негізгі шешімнің мемлекеттік стратегиялық жоспарлау кезеңінде, яғни мемлекеттік сараптама жүргізілгенге дейінгі кезеңнен көп бұрын қабылдануы".
"Жасыл қоғам" деректеріне қарағанда, Комитеттің 41-ші отырысында атап өтілгендей, Қазақстан ереженің 9-шы бабын орындамай отыр.
Алдында белгілі болғандай, Алматы маңында "Көкжайлау" тау шаңғысы курортының салынуына экологтар, үкіметтік емес ұйымдар және жұртшылық өкілдері қарсылық білдірген болатын.