Көлік және коммуникация министрі "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық дәлізін қайта салу жобасын қаржыландыру схемасын жедел қарауды сұрайды - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көлік және коммуникация министрі "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық дәлізін қайта салу жобасын қаржыландыру схемасын жедел қарауды сұрайды

Көлік және коммуникация министрі "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық дәлізін қайта салу жобасын қаржыландыру схемасын жедел қарауды сұрайды

Астана. 22 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық дәлізін қайта салу жобасын қаржыландыру схемасын жедел қарауды сұрайды. Бұл туралы министр бүгін өткен үкіметтің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

  • 22 Шiлде 2008
  • 674
Фото - Caravan.kz

«Үкімет басшысының ағымдағы жылдың 26 ақпанында үкіметтің отырысында берген тапсырмасына сай біз жобаны үш көзден қаржыландыру схемасын дайындадық: республикалық бюджеттен 167 млрд теңге, сыртқы қарыз есебінен — 472 млрд, концессия негізінде жеке инвестицияның есебінен — 300 млрд теңге бөлу», — деді С. Ахметов.

«Бұл схема маусымда экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі мен қаржы министрлігіне жіберілген, жобаны дер кезінде жүзеге асыру үшін оны республикалық бюджеттік комиссияда жедел қарау қажет», — деді ол.

Министрдің хабарлауынша, халықаралық қаржылық ұйымдармен бірлесе жасаған келісімдердің жобасы қарыз бөлу шарттарымен қоса мүдделі министрліктер мен мекемелердің қарауында жатыр.

«Қазақстандық жол бөлігінің құрылысын 2009 жылдан бастап қолға алу үшін ағымдағы жылдың қазан айында банктермен келісім-шартын жасасып, оларды жылдың аяғына дейін парламентте бекіту керек. Сонымен бірге кеңесшілер мен мердігерлік ұйымдарды іріктеуге байқау жарияланады», — деді С. Ахметов.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізін қайта салу жобасын жүзеге асыру аясында 2007 жылдан бастап дәліздің бірқатар учаскелерінде, дәлірек айтқанда, ұзақтығы 215 шақырым болатын «Қарабұтақ — Ырғыз — Қызылорда облысының шекарасы» учаскесінде жұмыстар басталып кетті. Үстіміздегі жылы 12 жобалау ұйымдары ұзақтығы 1882 шақырым болатын қалған учаскелерді қайта салудың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауда.

Ұсынылған кесте мен жоспарланған шаралар сәтті іске асса, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізін қайта салу жобасы 2013 жылы аяқталып, 2,5 мың шақырым жаңа сапалы жол пайдалануға беріледі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті