Мәжілістегі коммунистердің көсемі ипотекаға үй беруді "тоқтату керек" дейді. Өйткені, банкке берешегін қайтара алмағандар қаңғыбастар қатарын толықтырып жатыр. Сондықтан тағдыры бүлінбесі үшін Үкіметтен адамдарға тым құрыса күнкөріске жететін жалақысы бар жұмыспен қамтуды талап етті.
Бір өкініштісі, қайыр тілеп қаңғыбастық жолға түскендердің арасында жастар көп. Мұның алдын алмаса жыл сайын көбейіп жатқан бұл әлеуметтік топ келешекте шенеуніктердің бас ауруына айналуы мүмкін. Ал бұлармен күресуден шаршаған Ішкі Істер министрлігі жаңа жылдан бастап қайыршылар мен қаңғыбастарға 10 мың теңге көлемінде айыппұл салмақ. Жүзеге аспай жатып қатал сынға ұшыраған бұл бастаманы коммунистер «ақымақтық » деп отыр.
Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:
-Бұл — мемлекеттік деңгейдегі ақымақтық. Онсыз да көше кезіп, бір түйір нанды қалай тапсам деп жүрген адамнан айыппұлды қалай өндіреді? Бұл сұмдық! Үкімет ондай жолға түсуіне жол бермеу керек.