Қазақ ордасының алтын бесігі саналатын Сарайджук немесе Сарайшықты сақтап қалу туралы әңгіме облыстық емес, республикалық деңгейде де бірнеше мәрте көтерілді. Тіпті бұл туралы Елбасы да баяндамаларының бірінде айтқан болатын. Бірақ, өкінішке орай, сөз бен істің арасы тым алшақ болып тұр. Себебі, Жайық өзені жылына 1-1,5 метрге дейін ескі қала орнын шайып келеді. Ал енді 5 жылда мына аспан астындағы мұражайдан ештеңе қалмасы әбден мүмкін.
Алыс-жақыннанкелген қонағын бірден осында ала жөнелетін атыраулықтардың бетіне салық болып тұр бұл жер. Себебі, ескі қала орнының қоршауы қираса, айналасы күл-қоқысқа толған. Ал мына құлама жардың барлық жерінен адам сүйектері мен табыттар жартылай шығып тұр. Мамандар бұл сүйектер 15-16 ғасырларда өмір сүрген ноғайлардыкі дейді.
Фархад Байдәулетов, Атырау облысы бойынша тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысының орынбасары:
— Бұл қорханаларда ноғайлар 5-6 адамға дейін және бір жанұя жерленген. Жайық өзенінің арнасының ауытқуына байланысты жар қабақтары құлағаннан кейін қабірлер ашылып, сүйектер шашылып жатыр.
Ал Сарайшық ауылдық әкімшілігі қызметкерлерінің сөзінен ұққанымыз – олардың бар міндеті – сүйектерді жинап, тазалық жұмыстарын жүргізу.
Алмажай Мәстекова, Сарайшық ауылдық аймағының әкімі:
— Біздің әкімшілік тарапынан жасап жатқанымыз – сол су қайтқан кезде көрінген сүйектерді жинап, көміп, тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Құлап қалған қоршауды өз бетімізше тұрғызамыз. Ал қаражат, басқа мәселе бізде қарастырылмаған.
Ал осы маңдағы ауыл балалары болса қала орнын өз беттерінше қазып, табылған ірілі-ұсақты жәдігерлер мен олардың сынықтарын осында келушілерге сатуды әдетке айналдырған. Яғни, мұражайдан орын алар жәдігерлер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр.
Дыбысты көрініс: — кішкентай баламен диалог:
— Тиындарыңды көрсетші.
— Жебенің ұштары, ескіи тиындар.
— Мынау күміс тиын.
— Оны кім айтты?
— Папам айтты.
— Қаншадан сатасың?
— Біреуі– 500 теңге, екеуі – 1000 тенге.
Тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция мамандары болса аталған нысанға соңғы жылдары соқыр тиынның да бөлінбегендігін айтады. Тек қолдан келгені – облыс әкімінің атынан Өңірлік даму министрлігіне көмек сұраған хат жолданыпты. Ал ол көмек жеткенше Сарайшық қаласының жұрнағы да қалмайтын секілді.