Бұл үйдің әр күні үрейге толы. Бас айналдырар биіктіктен күнделікті қопарылған қабырғаның гүрсілі естіледі. Тынымсыз жүріп жатқан құрылыстан үйдің қабырғаларына да сызат түсіп, тұрғындар түн ұйқысынан айырылған.
Бақтыгүл Оралханова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Шошып ояна бергеннен кейін барып, көтеріп апарып, міне мына құрылысшылар мынадай істеп жатыр. Сен бұл дауысты естігенде шошыма деп апарып көрсетуімізге тура келді. Коридорларды көрдіңіздер, фоейлердің барлығы жарылып кеткен.
Бақтыгүл Оралханованың бұл үйге кіргеніне әлі жыл да толмапты. Қатерлі ісікке шалдыққан ұлына тыныш жер іздеген. Қазір енді қаптаған құрылысшы төбесін тескілеп жатыр. Қолдан қабырға тұрғызып, шатырдың ішін бөліп-бөліп бөлмелер жасауда.
Нұргүл Әбішова, Алматы қаласының тұрғыны:
— «Астана-құрылыстың» бекітіп өткізген отоплениесі бар, суы бар, оның бәрін бұзып, ашады, канализацияны ашады, ашып өздерінің трубасын қосады.
Сөйтсе, мердігер компания пәтерлермен қоса, үйдің шатырын да саудалап жіберіпті. Сатып алушылар бірден 10-шы қабатты салуға кіріскен. Қуықтай ғана демесеңіз, жобасы астындағы баспанамен бірдей. Тек құбырлары жоқ. Құрылысшылар оны да қолдан тартып жатыр.
-Құрылыс жұмыстары шатырдың үстінде де басталып кеткен. Жаңадан пайда болған 10-шы қабаттың тұрғындары үйлері жылы болып, төбелерінен су өтпес үшін тағы да қосымша 2 қабат қара қағаз төсеп, жылуту мақталарымен жан-жақтан бітеп жатыр.
Таңжарық техникалық қабатқа қоныс тепкендердің бірі. Шатырды паналауға әкімдіктің өзі рұқсат бергенін айтады.
Таңжарық Ілияс, Алматы қаласының тұрғыны:
-Жылу орталығынан, свет орталығынан барлық жерден рұқсатын алып, содан кейін істеп жатырмыз. Бұйыртса, аз күннен кейін кіреміз. Баспанаға біреуге жалдап пәтерақы төлегенше, ақшаны өзімізге салып, өзіміз тұрамыз, ешкімге тәуелді емеспіз.
Десе де,көп қабатты үйдің тұрғындары төбелерінде тағы да үйлердің пайда болуына үзілді-кесілді қарсы. Үйдің төлқұжатында да техникалық қабат тұруға жарамсыз делінген. Дегенмен, шатырды жекешелендіргендер коммуникация желілерін сырып тастап құрылыстарын жалғастыруда. Ол аздай, көк тіреген үйдің жеделсатысы да істен шыққан. Сол себепті, жасы да, жасамысы да құрылысшылармен қабаттасып 9 қабатқа жаяу мініп түсіп жүр.