Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Қай партия қанша пайыз алуы мүмкін, қай партияның қай тұсы мықты дегендейді жазып жатыр. Әр партияның бағдарламасына да назар аударуда. Сонымен…
«Ауыл» партиясы Құрылтайда топ жарамыз деп отыр. «Ауыл» партиясы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен ауыл тұрғындарының мәселелерін басты назарға қояды. Бағдарламасында солай жазылған. Оның бағдарламасы ауыл халқына бағытталған. Ауылдағы шаруаның мәселесін, аграрлық саясатты көтеріп жүр. Бұл Қазақстанның экономиканы әртараптандыру ұстанымына да жақын келеді. Экономиканың бір тетігі ретінде ауыл шаруашылығын басты авангард етуіміз керек деген айтылып келеді. Партия ауылда қордаланып қалған, шешімін табуды күткен мәселелерді жиі көтеріп, әлеуметтік желімен көбірек жұмыс жасап, шалғай ауылдар мәселесін айтып, электорат санын арттыруға тырысатын болар.
«Ақ жол» демократиялық партиясы да Құрылтайдан құр қалуға ниетті емес. Партия дәстүрлі түрде кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнестің мүддесін қорғауды негізгі бағыты ретінде көрсетіп келеді. Президенттік сайлау барысында да, парламенттік сайлау барысында да «Ақ жол» партиясы негізінен кәсіпкерлердің мәселесін көтерді. Бұл жолы да кәсіпкерлердің мәселесін көтереді деуге болады. Соның ішінде салық мәселесін айтуы мүмкін. Салық реформасы сәтінде «Ақ жол» бірқатар ұсынысқа қарсы болған еді. Партияны ұлттық тарихты зерттейтін жандардың басым бөлігі қолдайтын сияқты. «Ақ жол» партиясы Алаш мұрасына қатысты бастамаларды қолдап, зерттеу жұмыстарына, кітап шығаруға, деректі фильмдерге шамасы келгенше қаржы бөліп жүрген партия. 31-мамыр күні Алаштықтарды еске алу шараларын да ұйымдастырып келеді. Партияның қалыптасқан электораты бар. Алайда алдағы сайлауда сол электорат санын арттыру үшін жаңа әдістерді қосуы тиіс.
«Әділет» партиясы жақында ғана құрылды. «Аманат» партиясы «Әділетке» қосылып кетті. «Әділет» партиясының құрамында белгілі саясаткерлер, сарапшылар қатары жетерлік. Еліміздің барлық өңірінде филиалдарын ашып жатыр («Аманат» партиясының филиалдары да «Әділетке» өтті). Осылайша дайын инфрақұрылымдық базаға ие болуда. Ол базаны ары қарай күшейтіп, жаңа филиалдар ашуда. «Аманаттың» көп жақтастары мен тұрақты электоралдық базасы да «Әділетті» қолдауда. Ал партия өзінің бағдарламасында елдегі экономикалық-саяси реформаларды алға жылжытуға барын салатынын айтуда. «Әділет» партиясы алдағы сайлауда көп дауыс алуға ниетті. Оны ұсынған кандидаттар тізімінің ауқымды болуынан да байқауға болады. Ең көп кандидаттық тізімді осы партия ұсынды.
«Байтақ» жасылдар партиясы да сайлауға түсетінін айтты. Партияның сиезі дүркіреп, дүрілдеп, гүрілдеп өтті. Тікелей мағынасында. Сиезде партия ішіндегі қайшылықтар байқалып қалды. Ауқымды саяси процесс алдында ішкі алауыздық жақсы нәтижеге жол бастауы қиын. Оны партия мүшелері жақсы түсінетін болар және жылдам реттеуге тырысар. «Байтақ» партиясы парламентте болмаған партия. Демек, партия басқа қарсылас партиялардың Парламенттегі көтерген/көтермеген мәселелерін беттеріне басып, өткір сынау мүмкіндігіне ие(егер солай ете алса). «Сол мәселені шешкіш болсаңдар, Парламентте неге шешпедің/көтермедің» дегенді қарсылас партияларға айта алады. «Байтақ» экология, таза су, таза ауа, қоршаған ортаны таза ұстау деген мәселелерді көтерумен келеді. Еуропада жасылдар партиясы бірқатар елде ауқымды күшке ие. Солардың тәжірибесін қарап, ұнамды тұстарын алса болады. Партияға әлеуметтік желімен жұмысты күшейтіп, пиарды мығымдау қажет сияқты.
«Қазақстан Халық партиясы». Бұл партия бұрынғы Қазақстан Коммунистік партиясының ішіндегі алауыздықтан кейін бөлініп шықты. О баста сайлауда тиісті межелерді бағындыра алмады. Тек 2012 жылы Мәжіліске өтіп, алғашқы депутаттары мінберде отырды. Оның депутаттары көбіне әлеуметтік мәселелерді, зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтың мәселелерін, әлеуметтік теңсіздікті көтеруге тырысты. Дегенмен партияны қоғамда коммунистермен байланыстырып, сын айтылып, пікірталасқа талқы болған сәттері де аз емес. Бұл партияны жастар аз біледі.
Заманауи коммуникация құралдарын пайдалану қарқыны төмендеу болып көрінеді. Сайлауда көбіне әлеуметтік мәселелерді көтеріп, электоратты өзіне қаратуға тырысады. Дегенмен бұл партияға жаңа әдістер(подход), тың идеялар керек.
Respublica партиясы Қазақстандағы жаңа саяси партиялардың бірі. Ол кәсіпкерлік, цифрландыру және мемлекеттік басқаруды жаңғырту мәселелеріне басымдық береді. «Ақ жол» партиясымен электораты ұқсас деуге болады. Өйткені екеуі де кәсіпкерлер мәселесін жиі көтереді. Respublica партиясында жастардың саны басым. Әлеуметтік желіде де белсенді. Негізінен бұл партияға дауыс берушілердің көбі кәсіпкерлер мен орта жастағы азаматтар сияқты (35-50 жас шамамен). Осы аудиторияға бағыттап, әрекет етеді-ау.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП). ЖСДП өзін оппозициялық бағыттағы партия ретінде таныстырады. Солай айтып та жүр, жазып та жүр. Әлеуметтік-экономикалық реформалар қажеттігін жиі көтереді. Саяси реформалар қажет дегенді де ұдайы айтады. Алайда бұл партияның танымалдығы әлеуметтік желіде де, жастар арасында да төмен. Партияның ресурстары да шектеулі екені түсінікті. Дей-тұра, ол кемшілікті әлеуметтік желідегі белсенділікті күшейту арқылы аз болса да толтыруға болар еді. Бірақ ол байқалмады. Мәжілісте партияның депутаттары болды. Өткір мәселе көтеріп, ел есінде қалғаны аз. Белгілі бір тұрақты электораты бар болар, бірақ партияға медиамен, пиармен, өзін танытумен көбірек жұмыс істеу керек. Себебі бағдарламасы қаншалықты күшті болса да, оны көпшілік білмесе, онда электорат саны да аз болары түсінікті.
Осылайша партиялардың барлығы кандидат ұсынып болды. 23-күні жаппай үгіт-насихатқа көшеді.