Жарияланды: 510

"МАЭК-Қазақатомөнеркәсібі" Маңғыстаудағы қуат ресурстарының бағасын қымбаттатты

ҚР табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің департаменті "МАЭК-Қазақатомөнеркәсібі" ЖШС-нің 2003-жылдың 1-қазанынан бастап қуатпен қамтамасыз ету саласындағы бағаларды қымбаттатуға берген өтінімін құптады. Бұл туралы "МАЭК-Қазақатомөнеркәсібі" ЖШС-нің бас директоры Бауыржан Ыбыраев баспасөз мәслихатында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Ақтаудан.

Ақтау тұрғындары үшін электр қуатының құны 9,1%-ке, жылу құны 13,2 %-ке, ауыз су құны 7,9%-ке, ыстық су құны 7%-ке қымбаттады. Техникалық судың бағасы ғана өзгеріссіз қалған. "Бұл - тұрғындар үшін электр қуаты құнының 1999-жылдан бері алғаш рет өсуі",- деді Б.Ыбыраев. Бағаны өсіру - "Теңізшевройл" ЖШС-нің газ бағасын қымбаттатуына және "Өзенмұнайгаз" ААҚ-ның салалық бөлімшесінен комбинатқа газ жөнелту көлемінің азайтылуына байланысты болмақ. МАЭК-ті көгілдір отынмен қамтамасыз етуші негізгі компания комбинатқа жеңілдетілген бағамен газ беруге құлықсыз. Сол себепті 2003-жылдың 1-қазанынан бастап ТШО газды босату құнын 6 долларға, ал алдағы уақытта әрбір жарты жыл сайын бағаны 2 долларға қымбаттата отырып, оны әрбір 1000 текше метр газ үшін 32 долларды құрайтын әлемдік деңгейге дейін жеткізбек ниетте. Бағаны өсіруге тағы бір себеп - кәсіпорын жабдықтарын толық көлемде жөндеуден өткізу, негізгі құралдарды жаңалау қажеттігіне байланысты . Қазір энергиялық комбинаттың негізгі құралдарының тозу көрсеткіші 67 процентті құрап отыр. Құрал-жабдықтарды жаңалау және модернизациялау мақсатына 3,5 млрд. теңге көлемінде инвестиция қажет. Сондай-ақ, бағаны өсіруге әсер еткен тағы бір себеп ретінде комбинат қызметкерлерінің айлық жалақысын арттыру аталды. Қазір мұндағы жалақы көлемі басқа өндірістермен салыстырғанда едәуір төмен. Атап айтсақ, қазір МАЭК-тегі орташа жалақы 33,98 мың теңгені құраса, өнеркәсіп саласында 56 мың теңгені, ал мұнай өндіруші кәсіпорындарда 66 мыңнан астам теңгені құрайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін