Майялықтар ақырзаман турасында ешнәрсе айтпаған - баспасөзге шолу
Немістің «Handelsblatt» газетінің хабарлауынша, Еуропадағы автомобильдерді сату төңірегіндегі дағдарыс ақырын жылжып, соңғы уақыттары «Volkswagen» концерніне де жеткен. Мұны кәсіпорынның биылғы күзгі сауда операцияларынан түскен пайдасының мөлшері анық байқатады. Нақтырақ айтқанда, сатылған көліктің саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда артық болып шыққанымен, олардан келген таза табыс әлдеқайда төмен түсіп кеткен. Осыған орай компания қазір бұл |
тұйықтан шығудың жолдарын дамып келе жатқан елдермен сауда-экономикалық байланысын ұлғайтудан қарастырып жатқан көрінеді.Бұл туралы «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында «Көліктер көшіндегі көлеңке» деген мақаласында жазады.
Газеттің жазуынша, немістің BMW және жапонның «Toyota» автомобиль өндірушілері өздерінің бұрыннан қалыптасқан өзара ынтымақтастықтарын одан әрі кеңейте түсуге ниетті көрінеді. Бұл биылғы жазда BMW басқармасының бастығы Норберт Райтхофер мен «Toyota» компаниясының президенті Акио Тойода арасындағы ниеттестік меморандумына қол қойылғаннан кейін белгілі болды. Аталмыш құжат екі жақтың төрт бағыт бойынша ұзақ мерзімді жұмыс жоспарын жүргізетінін айқындап берді.
Қашқын Әбіләзовтің өз елінен ұрлаған телегей теңіз қаржыны сол өз елінің ішіне бүлік салу үшін жұмсағаны қазір нақты белгілі болып отыр. Мұны сот та дәлелдеді. Сонау 2005 жылы БТА Банктен қылмыстық жолмен иеленіп кеткен 7 миллиард долларды Әбіләзов өзі құрып басқарған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүддесіне, яғни өзі аңсаған қылмыстық іс-әрекеттерді жоспарлы түрде жүзеге асыру мақсатына Козловтар арқылы жұмсаған, деп жазады «Егемен Қазақстан».
Газеттің жазуынша, Козловта да көп дүние болғанға ұқсайды. Республиканың барлық облыс орталықтарындағы «Алға» партиясының кеңсесі ретінде пайдаланып отырған пәтерлер өзінің жекеменшігінде екендігін Козлов жасырмаған. Оның үйіне тінту жүргізу кезінде алынған флэш-картадағы «В.Козловтың қосымша куәгерлік мәлімдемесі» атты анықталған электронды құжатында Әбіләзов 2002 жылдан ДВК (ҚДТ) деп құрылған ұйымның, кейін «Алға» тіркелмеген халық партиясының жұмысын кем дегенде 70 пайызға, ал 2009 жылы 97 пайызға дейін қаржыландырғанын көрсеткен. Сондай-ақ, онда Әбіләзовтің партияның негізгі демеушісі және саяси қозғалысының идеологиясы мен стратегиясын қалыптастыратын тұрақты басшысы екенін атаған.Мақала «Өтірік айту мен арандату және сатып алу - Әбіләзов пен Козловтың арқа сүйер әдістері» деген тақырыппен берілген.
***
Корейлер қазақ елінде шаһар салуға кірісті. Және бір емес, бірден төрт қала тұрғызбақ. Оның барлығы да Алатау бөктеріндегі әсем шаһар Алматының серіктес қалалары болады. «Алматы қаласының Алматы облысындағы «4G City» 4 серіктес қаласының құрылысы» атты ғаламат инвестициялық жоба Қазақстан Президентінің қолдауын алды. Оны 2011 жылғы 24 тамызда елімізге ресми сапармен келген Корея президенті Ли Мен Бак та қызу құптапты. Бүгінде бұл жоба еліміздің Индустрияландыру картасының 35-тармағы ретінде жүзеге асырылуда. Жақында ел басшылығының алдына 4 шаһар құрылысының қазіргі барысы туралы ақпарат қойылған, деп жазады «Айқын» газеті.
Газеттің атап өтуінше, Алматының 4 «спутник-қаласының» «4G» деп аталуының себебі - олардың жоба бойынша халықаралық атаулары осы әріппен басталады. Атап айтқанда, «Gate city» (қазақшасы «Қақпа-қала») іскерлік орталыққа айналмақ. Онда 130 мың адам тұрады деп жобалануда.
«Golden city» («Алтын қала») болса, әр ұлттың «алтын қоры» - интеллигенцияның мекені, «мәдени, білім беру, ғылыми-медициналық қала» болады деп белгіленуде. Онда 103 мыңға дейін халықтың өмір сүруіне жағдай жасалмақ.
«Growing city» («Өрлеу қаласы») - «өнеркәсіптік-логистикалық қала» ретінде жоспарлануда. Онда 50 мың адам тұрады.
«Green citу» («Жасыл қала») - туристік қалаға айналуға тиісті. Ол 21 мың адамның тұрақты тұруына есептелмек.
«4G City» жобасының жалпы құны 23,9 миллиард долларға түспек! Оның ішінде 6,1 миллиард долларды мемлекет құяды, осынша бюджеттік қаржыға аталған қалалардың инженерлік коммуникациялары тартылады. Ал 17,8 миллиард долларды жеке инвесторлар әкелуге тиіс. Мақаланың толық нұсқасы газетте «Жаңа Алматы салынуда» деген тақырыппен берілген.
21 желтоқсан қашаннан да Күн мен Түннің теңелетін күні ретінде бәрімізге баяғыдан белгілі. Ал биыл не болмақ? Біріншіден, бұл күні планеталардың ұлы шеруі басталады делінеді. Сатурн, Юпитер, Шолпан, Жер, Меркурий, Уран, Нептун, Плутон секілді Күн жүйесіне кіретін планеталардың бәрі бір-біріне жақындап, түгелдей бір сызықтың бойына орналасатын көрінеді. Бұл туралы «Айқынның» «Планеталар шеруі - «қардың еруі» емес пе?» деген мақалада жазылған.
Автордың айтуынша, Планеталардың мұндай шеруі бұрын да болған. 2010 жылы Жермен қоса алты планета сап түзеген. Ештеңе де болған жоқ. Тіпті үш планета бір сызықтың бойына орналасатын мини шерулер жыл сайын екі рет болып тұратын кездер де бар. Ал бұл жолғы ұлы шерудің өзгешелігі сол, Күн жүйесіне кірмейтін өзге жұлдыздар жүйесіндегі планеталар да сап құрамақ екен. Бұл нені білдіреді? Бұл галактикалық ұлы бір дәуірдің аяқталып, жаңа бір ұлы дәуірдің басталғанын меңзейді. Мұндай галактикалық шеру осыдан кейін 26 мың жылдан кейін қайталанады екен. Мұның бәрін майя деген тайпаның абыз-әулиелері біздің дәуірімізден 3114 жыл бұрын дәл болжап, тура кесіп-пішіп кеткен. Бұдан 5000 жыл бұрын өмір сүрген Майя күнтізбесі, расында, 2012 жылдың 21 желтоқсанымен бітеді. Бірақ бұл «әлемде ақырзаман орнайды» дегенді білдірмейді. Ежелгі өркениетті зерттеген ғалымдардың айтуынша, майялықтар ақырзаман турасында еш нәрсе демеген.
Автор ақырзаман туралы әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді тізбектей келе, «Ақырзаманның бір болатыны шындық. Бірақ қашан болатынын бір Алла ғана біледі. Пайғамбарлар да оның қашан болатынын білмей кеткен. Жер ғана емес, бүкіл он сегіз мың ғаламдағы тіршілікті тып-типыл жойып жіберетін ақырзаман туралы тек діни кітаптарда оның белгілері келтірілген. Ол белгінің өзі кіші және үлкен деп бөлінеді. Ақырзаманның кіші белгілерінің барлығы бұл күнде түгелдей орындалды десек те болады. Үлкен белгілерінің бірінде жер бетінде Тажалдың пайда болуы айтылады. Құран кітабындағы жазулар өшіп кететіні, Қағбаның көкке көтеріліп кететіні айтылады. Қазақ аңызы бойынша, Әзірет Әлі мен Орталық Азиядан шыққан балуан Дариға қыз күреседі. Әлі жеңіп, Дариға екеуінен Мәді туады. Кейін Мәді туған әкесін танымай, Әзірет Әлімен күресіп, әкесімен белдескенінен ұялып, қатты қысылғаннан жер астына түсіп кетеді. Міне, осы Мәді ақыр заманда жер астынан шығып, көктен түскен Исамен бірге Тажалдың көзін жояды...», деп ақырзаманның Құранда жазылған белгілерін айтады.
Сөз соңында, «Жер де адам сияқты. Жеке адамға қандай қауіп-қатер болса, Жерге де сондай қауіп бар. Аспаннан өзге планетаның құлауы немесе термоядролық бомбаның жарылуы дегендей. Дін бойынша адам баласы ажалға күн сайын дайын болуы керек. Әр күніңді, әр сағатыңды, тіпті әр алған тынысыңды ең соңғы тынысым деп есептеуге, үміт пен күдіктің арасында өмір сүруге тиіссің. Әрқашан ажалға дайын болуың керек. Алламен қауышуға таза бару үшін діндарлардың дәретсіз жер баспайтыны да содан.
Сонымен, 21 желтоқсан ақырзаман емес, жаңа бір дәуірдің, соның ішінде ежелгі майя өркениетінің біржола тарих қойнауына кетіп, орнына жаңа бір дәуірдің басталатынын білдіреді. Жер анасынан кезекті рет қайта туғандай болады, адамзат да сол...», - деп қорытынды жасайды.
***
Ленин, Калинин секілді кеңестік кезеңнен қалған көше аттарымен алысып жүргеніміз жайына қалады екен, енді көшелерге «көкесінің» атын беретіндер пайда болды. Тәуелсіздік алғалы ономастика саласында ойына келгенді істегендер мәселесінің ушыққаны сонша, тіпті Парламентте үлкен дауға айналды, деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі санындағы «Көшеге «көкесінің» атын беретін күштілердің жолы кесілді» деген тақырыппен берілген мақаласында.
Газеттің жазуынша, ет жемесе елегізитін қазақ қысты қай заманда да соғымсыз қарсы алмаған. Алайда бүгінде соғымның бағасы шарықтап, ет көп қазақтың тісіне емес, түсіне кіруге айналғандай. Газеттің «Қазақтың «ақ Олимпиадасына» айналған соғым саудасы неге солқылдап тұр?» атты мақаласы осы тақырыпты егжей-тегжейлі баяндайды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін