Жарияланды: 680

Мамыр айының аяғында Берлинде өтетін дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері қатысады

2004-жылғы 29-мамыр мен 2-маусым аралығында Берлинде өтетін дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына Оңтүстік Қазақстан облысының 20 өкілі қатысады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы Таманды Әжібеков хабарлады.

Кіші құрылтайға Оңтүстік Қазақстан облысынан қатысатындар арасында ғылым, мәдениет және спорт майталмандары бар. Жалпы алғанда, Берлинге Қазақстаннан 105 адам барады. Кіші құрылтайға Ресей, Монғолия, Қытай, Батыс Еуропа, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстанда тұратын қазақтар жиналғалы отыр. Құрылтай мақсаты - Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрді қолдау болмақ. Қазір Қазақстаннан тысқары жерлерде 5 миллионнан астам қазақ тұрады. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы 1992-жылдың қыркүйек айында Алматыда өткен. Елбасы басқаратын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы осы жолы құрылды. Екінші құрылтай бұдан 10 жылдан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында өтті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы келесі кіші құрылтайды 2005-жылы Парижде өткізуді жоспарлап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін