Жарияланды: 480

Маңғыстау облыстық соты Хайролла Оспановты өлтірген қылмыскерлерге үкім шығарды

Маңғыстау облыстық сотында "Маңғыстаумұнайгаз" ААҚ-ның салалық бөлімшесі болып табылатын "Oil transport corporation" ЖШС-нің директоры, бұрынғы ҚР өнеркәсіп және сауда министрі Хайролла Оспановты өлтіруге тапсырыс берушілерге үкім шығарды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Сот шешімі бойынша Хайролла Оспановты өлтіруге тапсырыс беруші - мемлекеттік "Нефтестрой" ЖШС-нің бұрынғы директорының ұлы Ержан Сағындықовқа жеке басының өшпенділігіне байланысты алдын-ала ымыраласу арқылы адамдарды кісі өлтіруге арандатқаны үшін мүлкін тәркілеп, 14 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң тәртіпті түрмеге жіберу туралы үкім шығарылды. Сондай-ақ, сараптама қорытындысы анықтап бергеніндей, Сағындықовтың ағзасынан 2-дәрежелі маскүнемдіктің белгілері мен есірткі тұтынушы екендігі мәлім болды. Сондықтан ол абақтыда мәжбүрлі емдеуден өтеді. Х.Оспановты тапсырыспен өлтіруді ұйымдастырған Бахтияр Таймұхамедов делдал ретінде 17 жылға бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеп қатаң тәртіпті түрмеге жіберу жазасына кесілді. Ал кісі өлтіруді өз қолдарымен жүзеге асырушы Максим Гонцовский мен Марат Ахмеровқа 18 жылға бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеп қатаң тәртіпті түрмеге жіберу жөнінде үкім шығарылды. Ал прокурор Сағындықов пен Таймұхамедовты өлім жазасына кесуді, ал атқарушыларды 20 жылға абақтыға қамауды талап еткен болатын. Қылмыстың жасалатындығы туралы алдын-ала білген Сағындықов пен Таймұхамедовтың ортақ танысы Игорь Балахонкин 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұған дейін де басқа қылмысы үшін сотталып, мерзімінен бұрын босап шыққан ол ендігі жерде 4 жыл 4 ай қамауда отырмақшы. Түрмеден қашқан Таймұхамедовты өз үйінде жасырған, оның шешесінің танысы Гүлжамал Хосжан "жасырушылық жөніндегі" 363-бапқа сәйкес 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды. Сот барысында Х.Оспановтың жесірі айыпталушылардан моральдық шығынның өтемі ретінде 39 млн. теңге талап етіп шағым түсірген. Алайда бұл арыз азаматтық сотқа тапсыру құқығын ескеріп сот талқысына салынған жоқ. Сот барысында жарияланғанындай, Таймұхамедов Х.Оспановты өлтіруді ұйымдастырғаны үшін Сағындықовтан 10 мың доллар алғаны және оның 3 мың долларын тікелей атқарушыларға беру туралы уәде бергені мәлім болды. Зардап шегуші тарап соттың бұл үкімімен келіспейтіндігін мәлімдеп, жоғарғы сатыға аппеляция бермекші. Ал сотталғандардың ешқайсысы да өз күнәсін мойнына алмағандықтан олар да дат сұрағалы отыр. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Х.Оспанов биылғы жылдың 19-мамырында екі бірдей жалдамалы кісі өлтіргіштің оғынан ауыр жарақаттану салдарынан ауруханада қайтыс болған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін