Жарияланды: 580

Маңғыстау облысында шағын бизнесті несиемен қамтамасыз ету мақсатына облыстық бюджеттен 2003-жылы 100 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр

Маңғыстау облысының әкімі Болат Палымбетов өткен жылдың қазан айында өз бастамасымен құрылған Кәсіпкерлер Кеңесі өкілдерімен кездесу өткізді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Б.Палымбетовтың айтуынша, облыста шағын және орта бизнес субьектілерінің саны біршама артып, өсім 158 процентті құраған. 2003-жылдың бірінші тоқсанында өндірілген өнім мөлшері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 21 процентке , немесе 5 млрд. теңгеге артқан. Әкімнің айтуынша, шағын бизнес сауда-саттықтан өндіріске қарай ден қойып, бюджетке қосылатын салық және басқа да төлемдер ауқымы 3 есе артты. Кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды бір түрі болып табылатын қаржылық-несиелік мақсатқа , облыс әкімінің айтуынша, екінші деңгейдегі банктер 2001-жылы - 1,7 млрд. теңге, 2002-жылы - 3,4 млрд. теңге, ал үстіміздегі жылдың 1-тоқсанында - 1,5 млрд. теңге бөліпті. Сонымен бірге, шағын бизнесті несиемен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 2001-жылы - 65 млн. теңге, 2002-жылы - 85 млн. теңге бөлінсе, 2003-жылы 100 млн. теңге бөлінбек. Соның нәтижесінде 2001-жылы 7 жоба, 2002-жылы 28 жоба қаржыландырылды, ал биыл қаржыландырылатын жобалар саны 2 есе артады деп күтілуде. Бүгінде облыста шағын және орта бизнес саласына қызмет ететін 9 қоғамдық ұйым тіркелген. Жұмысының басты бағдары - кәсіпкерлердің өтініші мен шағымдарын қабылдау. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында тендер арқылы 3214 мемлекеттік сауда келісімі жасалса, олардың 1651-і шағын бизнес субьектілерінен сатып алынып, бұл мөлшер 52 процентті құрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін