"Біз бүгін "Techno Trading" жұмысшыларымен кездестік. Оларға жұмысқа шығыңдар, келісім комиссиясын құрамыз, дедік. Олар келісті, қазір Жетібайға кетті", деді аймақ әкімі Алик Айдарбаев жұмада "ҚазМұнайГаз" ҰҚ АҚ-ның "Бірыңғай әлеуметтік-еңбек саясаты" деп аталатын стол басындағы кездесу барысында.
Әкімнің айтуынша, жұмысшылар тарифке қатысты наразылық білдірген.
"Тарифтерде шектеу болғандықтан, бұл компания жұмысшыларының жалақысы "Маңғыстаумұнайгазға" қарағанда төмендеп кеткен. Шын мәнінде Жетібайдағы құбыр цехындағы жұмыстың Жаңаөзендегі құбыр цехындағы жұмыстан еш айырмашылығы жоқ. Сол себепті жұмысшылар жалақы туралы мәселені әділ қойып отыр", деді А.Айдарбаев.
Келісім комиссиясы "Маңғыстаумұнайгаз" беріп отырған тарифтер шын мәнінде жетпейді ме, соны анықтауға тиіс, соған орай шешімдер қабылданбақ.