Жарияланды: 2100

Маңғыстау облысында түйе шұбатын бөтелкеге құйып шығаратын кәсіпорын ашылды

Қазақстандық "Таушық" кәсіпорны Маңғыстау облысында шұбатты бөтелкеге құйып шығаратын цех ашты.

Таушық- қос өркешті бактриан тұқымды түйе түлігін өсіретін Қазақстандағы бірден-бір шаруашылық. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Доржық Сейбағытов хабарлады. Бұған дейін өнімін ыдысқа құйып шығаруға мүмкіндігі болмаған Таушық компаниясы ендігі жерде маңғыстау шұбатын бүкіл Қазақстан аумағына тарата алады. Қазір шұбат герметикалық әдіспен тығындалған 1 литрлік пластамасса бөтелкелерге құйылып, әрқайсысында 6 данадан блок түрінде оралуда. Цех аптасына 1,5 тонна, ал жылына 100 тоннаға дейін шұбат өндіре алады. Цехты салуға 11,5 млн. теңге, соның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына 5 млн. теңге жұмсалды. Құрал-жабдықтар кәсіпорыннның өз қаржысы есебінен сатып алынды. Бүгінде Таушық шаруашылығында 3,5 мың түйе, 1 мың жылқы, 500 қой мен ешкі бар. Көп бағытты шаруашылық түрінде құрылған Таушық кәсіпорны аясында қазір мал соятын, ет және сүт өнімдерін өңдейтін цехтар мен түйе жүнінен өнім өндіретін шеберхана жұмыс істейді. Компания болашақта цехта түйенің құрғақ сүтін өндіретін арнайы желі орнатуды межелеп отыр. Жүргізілген маркетингтік зерттеу қорытындысы еліміз бен жақын шетелдердегі көптеген өндірістік кәсіпорындар мен шипажай-емдеу мекемелерінің осындай өнімге деген сұранысын анықтады. Аталмыш жобаны жүзеге асыру - қосымша 30-40 жаңа жүмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть