Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы аудан дамуына барлық қаржы көздерінен 5,7 млрд теңге аударылып отыр. Оның ішінде, республикалық бюджет 142 млн теңгені, жергілікті бюджет 1 млрд теңгені, ал жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың шығындары 4,5 млрд теңгені құраған.
Республика үкіметі атқару органдарын құру үшін қосымша 154 бірлік, оның ішінде 15 жергілікті орган үшін 66 бірлік мөлшеріндегі лимит қарастырған.
Мұнайлы ауданының құрамына кіретін Маңғыстау ауылы Маңғыстау облысының ірі теміржол торабы болып табылады. Қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынының дербес бөлімшесі жасақталған.
Өмірзақ ауылының аумағындағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында теңіз порты, кеме жасайтын «Кeppel Kazakhstan» компаниясы және өзге де өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан. Олар 8 жылдан кейін (2015 жылы) арнайы экономикалық аймақ режимі аяқталған соң жаңа ауданның құрамына енеді.
Баянды және Қызылтөбе ауылдары мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктері бар.
Осылайша, жаңа ауданның аумағында алдағы үш жылдың көлемінде 15 экспортқа бағытталған кәсіпорын, Каспий теңізіндегі операцияларға қызмет көрсету орталығы, халықаралық мультимодальды көлік-логистикалық орталығы, Шекаралық сауда орталығы пайда болады.
Облыс әкімшілігі «Атамекен» одағымен бірлесе отырып, алдағы екі жылдың көлемінде Баянды ауылының маңында 100 га аумақта шағын және орта бизнес паркін құруды жоспарлап отыр. Ол жерде шамамен алғанда шағын кәсіпкерліктің 50 субъектісі өз жұмысын бастайды.
«Жаңа ауданды құру Қазақстан Республикасының аймақтық даму стратегиясына сәйкес тірек, яғни негізгі қаланың құрылымын жетілдіруге ықпал етпек. Барлық әкімшілік-шаруашылық мәселелерін осы жерде тез арада шешуге мүмкіндік береді және әлеуметтік жағдайдың жақсаруна септігін тигізеді», — деп атап өтті Қырымбек Көшербаев.
Осы ауылдарда тұрақты өмір сүретін халықтың 65 пайызын оралмандар құрап отыр.
Облыс әкімшілігі тарапынан нормативтерге сәйкес барлық атқару органдарына жұмыс кеңселерінің ғимараттарын беру бойынша барлық шаралар жасалған. Әлеуметтік объектілердің құрылысын бастауға қаржы-қаражат бөлінген.
Осы жылдың аяғына дейін аудан аумағында екі дәрігерлік амбулатория, 1840 орынға арналған екі жалпы білім беретін орта мектеп, екі пәтерлі тоғыз тұрғын үй салынады және елді мекендерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары толығымен аяқталды. Жаңа аудан орталығының үлгі-жоспары дайындалуда. Ал жалпы алғанда, аудан бюджеті 1,1 млрд теңгені құрайды.
Облыс әкімі атап өткендей, аудан бастапқы деңгейінде субвенциялы болады. Алайда, өзін-өзі қаржыландыруға барлық алғышарттар жасалған. Жорамалға сәйкес, ауданда орналасқан кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс 3,4 млрд теңгені, оның ішінде жергілікті бюджет 1,3 млрд теңгені құрайтын болады.