Маңғыстау облысының әкімі Ирандағы қазақ диаспорасымен кездесті - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Маңғыстау облысының әкімі Ирандағы қазақ диаспорасымен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі Ирандағы қазақ диаспорасымен кездесті

Иранға ресми сапары барысында өңір басшысы Алик Айдарбаев бастаған Маңғыстау облысының делегациясы Гүлстан уәләятында қазақ диаспорасымен кездесті, деп хабарлады Lada.kz.

  • 10 Наурыз 2014
  • 332
Фото - Caravan.kz

Иран қазақтары Маңғыстау қонақтарын шашумен және «Адай» күйімен қарсы алды. 9 наурызда Горган қаласындағы мейрамханалардың бірінде Ирандағы 200-ге тарта қазақ диаспорасының өкілдері бас қосты. Маңғыстау облысы әкімінің сапарына орай арнайы киіз үй тігіліп, ұлттық таңамдар әзірленді. 

Бүгінде Гүлстанда 6000-дай қазақ тұрады. Кездесуде диаспора ақсақалы атап өткендей, иран қазақтары жастайынан ана тілі мен мәдениетін бойына сіңіреді, Отанымызда болып жатқан оқиғаларға да құлақ түріп отырады.

«Ана тілін ұмытуға болмайды. Бізде оқулықтар бар, бірақ, мұғалімдер жетіспей тұр. Сондай-ақ Гүлстанда мәдени орталық ашылса, қандастарымыздың көбірек бас қосып тұруына мүмкіндік туар еді», — деді Құдайберген Шадқам ақсақал.

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қазақ диаспорасына жылы шырайлы қонақжайлылығына алғыс айтты. Сондай-ақ қазақ диаспорасына Маңғыстау облысы атынан жергілікті қауымдастықтың мәдени жобаларды жүзеге асыруы үшін қайырымдылық қаржысын тапсырды. 

Гүлстан уәләятының губернаторы Хасан Садеглу Иранда тұратын қазақтардың Қазақстан мен Иранның мәдениетін сүйетін адал жандар екенін атап өтті.


kazakh.ru мәліметтері бойынша Ирандағы қазақтар 1928-1932 жылдардағы күштеп ұжымдастыру кезінде пайда болған. Сол қуғын-сүргін кезінде көп адам қырғынға ұшырап, 200 мыңдай қазақ Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иранға ауа көшкен.

Маңғыстау облысының делегациясы Ақтаудың бауырлас қаласы — Горганның бірқатар нысандарында болды. Маңғыстау өкілдері иран-қазақстан бизнес-форумына қатысты және Иран мен Түрікменстан шекарасында салынып жатқан «Инчубурун» теміржол стансасының құрылысында болды.