Жарияланды: 680

Маңғыстауда Форт-Шевченко қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасының жобасы жасалып бекітілді

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласын құлдыраудан шығару мақсатымен оны әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасының жобасы жасалып бекітілді. Бұл туралы Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі 2003-2005-жылдарға арналған индикативтік жоспарда айтылған деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бағдарламада Форт-Шевченко қаласы мен оған іргелес жатқан елді мекендерде өнеркәсіктік әлеуетті жандандыру, кәсіпкерлікті, соның ішінде шағын бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау көзделген. Қосымша жұмыс орындарын құру есебінен халықты еңбекпен қамтуды жетілдіруге бағытталған белсенді шаралар қолдану, ақылы қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру, жұмыссыздарды кәсіптік оқуға қамту және білімін жетілдіру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік және атаулы көмек көрсету қызметтерінің тиімділігін арттыру міндеті қойылды. Сондай-ақ, қаланың тұрғын үй-коммуналдық саласы жетілдіріліп, су қамтамасыздығы мәселесі шешімін таппақшы. 2003-2005-жылдарда Кетік-Форт-Шевченко-Баутино-Аташ бағытындағы су құбырын тарту жоспарланып отыр. Тікелей инвестиция тарту арқылы коммуналдық меншіктегі су тұшыту зауытын салу, сонымен бірге, Форт-Шевченко қаласын сұйытылған көгілдір отынмен орталықтандырылған қамтамасыздық желісін тарту көзделген. Қалада тұрғын үйлер мен әртүрлі нысандар салу жөніндегі 15 жылға есептелген жоспар қазірдің өзінде мұнай өндіруші инвестор-компаниялар тарапынан қаржылай қолдауға ие болды. 2010-жылға дейінгі бірінші сатыда Форт-Шевченко қаласының оңтүстік бөлігінде 10 мың тұрғынға арналған тұрғын үй массивін салу жоспарланды. Аудан орталығы тұрғындарының жалпы саны 30 мың адамды құрайды деп күтілуде. Ал жобаның екінші сатысында қаланың өнеркәсіптік аймағын салу межеленген. Соған сәйкес теңіздегі бұрғылау қондырғыларының қалдығын өңдейтін зауыт, кеме жөндейтін зауыт, темір жол мен терминал салу жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть