Е.Ыдырысов ресейлік әріптесіне қонақжайлылығына алғысын білдірді. СІМ деңгейіндегі жыл сайынғы сапарлардың оң әсері туралы сөз болды.
Министр бүгінгі кездесуде сыртқы саяси ведомстволардың өткен кезеңде атқарылған істерін қорытындылау жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар 2014 жылғы ықпалдастық туралы бірқатар құжатқа қол қою көзделген.
«2013 жыл елдеріміз арасындағы қатынастың алға басқан қадамдарымен есте қалды, — деді министр. — Алдымен, саяси ықпалдастық. сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестіктің рөлі маңызды».
Е.Ыдырысов 2013 жылы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. «Бұл қос ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюына септесетін ықпалдастығымыздың жаңа кезеңі»,- деп қосты министр.
СІМ басшысы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартты дайындау жұмысының маңыздылығын атап өтті. «Біз бұл құжат бойынша ресми жұмысты аяқтамақпыз. Бұл, әрине, екі ел арасындағы қарым-қатынастарға жаңа мүмкіндіктер ашады».
Өз кезегінде С.Лавров Мәскеу Кедендік одақ және Еуразиялық экономикалық одағын құру аясында, сондай-ақ ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, АӨІСШК, БҰҰ, ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық құрылымдар аясында барлық уағдаластықтарды ілгері жылжытуға әзір екенін жеткізді.
«Біз Ресей мен Қазақстан арасындағы тату көршілік одақтастық туралы келісімшартты бекіту үшін өткен жылдың қараша айында қол қойылған құжаттарды президенттің қарауына жібердік. Жақын арада, екі ел де тиісті үрдістерді тәмамдайды деп күтудеміз», — деді ол.