Жарияланды: 540

Мәжіліс депутаттары мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген халықпен кездесті

Жиі дауға қалатын тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының орындалу барысын Парламенттегі Мәдени және әлеуметтік даму комитеті қатаң бақылауға алмақ. Жарнамасы жер жарған  жоба аясында күрделі жөндеу жүргізілген Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің жай-күйімен танысу үшін бүгін бір топ депутат көшпелі жиын өткізді.

Салынғанына 25 жыл болған бұл тұрғын үй құлаудың аз-ақ алдында тұрған-ды. Қабырғалары қақырап, жылу құбырлары шіріп, шатыры тесілген. Қарапайым халық алғашында биліктің көмегінен бас тартып, біраз шу шығарыпты. Түсіндіру жұмыстарынан соң райларынан қайтып келісімшартқа отырған. Кейін бюджеттен 73 млн теңге бөлініп жарты жылдың ішінде бесқабатты үйге күрделі жөндеу жасалды. Сырты әрленіп, төбесі жаңартылып, жылу жүйелері толықтай ауыстырылған. Бүгін Дариға Назарбаева бастаған бір топ Мәжіліс депутаты мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген халықпен кездесті. Жөндеуге қазынадан несие ретінде бөлінген қаржыны пәтер иелері 15 жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Әр шаршы метр үшін елу теңгеден. Ол әрі асқанда айына мың теңгеден аспайды. Бұл өте тиімді деген Дариға Назарбаева осы жобаға белсене қатысқан зейнеткердің пәтеріне де бас сұқты.

Мәриям Насибуллина, Астана қаласының тұрғыны:

- Үй басқа ғой.Үйлерің қайда кеткен деп таң қалады? Таныстарым, құрбыларым  келеді ғой. Маша  сенің үйлерің қайда кеткен деп әлі күнге дейін сұрап жүр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін