Жарияланды: 690

Мәжіліс ҚР-ның Еуропалық бөлігінде әскери техника орналастыру мүмкіндігі жөніндегі келісімді бекітті

Бүгін, 11-маусымда парламент мәжілісінің пленарлық отырысы "Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы Келісім шартын бейімдеу туралы Келісімді бекіту" жөніндегі заң жобасын құптады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Астанадан.

Келісім мақсаты - әскери қару-жарақ пен техниканың шектеулі мөлшерін сақтау арқылы Еуропадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Оған сәйкес Еуропа құрлығында 40 мың танк, 60 мың жауынгерлік сауытты машина, 40 мың артиллериялық бірлік, 13600 әскери ұшақ және 4 мың шабуылдық тікұшақ ұстау көзделген. Бұл туралы мәліметтерді палатаның пленарлық отырысында сөз сөйлеген ҚР Қарулы күштері бас штабының бастығы Мәлік Сапаров таныстырды. "Аталмыш келісім аясында күні бүгінге дейін Қазақстан өзінің Еуропалық аумағында әскери техника мен қару-жарақ ұстауға құқығы болмады",- деді өз түсініктемесінде М.Сапаров. Оның айтуынша, Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы Келісім шартына қол қойған КСРО мұрагерлері Қазақстанды Еуропада қару-жарақ пен техника ұстау мүмкіндігінен айырған көрінеді. Ал жаңадан қол қойылған "Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы Келісім шартын бейімдеу туралы Келісімге сәйкес , Ресей Федерациясының квотасын пропорционалды азайту есебінен Қазақстан елдің Еуропалық бөлігінде 50 танк, 200 жауынгерлік сауытты машина, 100 артиллериялық жүйе, 15 әскери ұшақ және 20 шабуылдық тікұшақ орналастыру құқығына ие болады. "Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар бұл мәселе Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігімен тікелей байланысты",- деді Мәлік Сапаров өз сөзінде. Оның айтуынша, одақтас ретінде ымыраға келген Ресей бұл тұрғыда ешбір талап-шарт қоймаған көрінеді. Сонымен бірге, М.Сапаров аталмыш келісімді барлық мүше-мемлекеттер бекіткенге дейін Қазақстан аумағында қару-жарақ және техника бойынша нольдік көрсеткіш сақталады деп атап көрсетті. Келісім жобасы сенаттың қарауына жіберілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть