Жарияланды: 480

Мәжіліс Су кодексіне енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

Астана. 17 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Парламент мәжілісінің депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста "Су және Қылмыстық кодекстерге бөгендердің қауіпсіздігі және жерлерді суару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, бұл заң жобасы су жөніндегі заңнаманы жетілдіру, бөгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жер мелирациясы мәселелері бойынша құқықтық ақтаңдақтарды жою мақсатында жасалған. Сонымен бірге, заң жобасын жасаудағы тағы бір мақсат - су қамтамавсыздығы және суды бұру саласындағы құқықтық қатынастарды анықтау, сондай-ақ, осы саладағы уәкілетті мемлекеттік органның құзыретін анықтау болмақ. Қорытындыда атап көрсетілгеніндей, заң жобасын талқылау барысында мәжілістің бас комитеті мен жұмыс тобы Қылмыстық кодекске түзету енгізу орынсыз деп тапты. Өйткені, ҚР Қылмыстық кодексінде бар 281-ші баптың нормасы заң жобасында қарастырылған әрекет үшін жүктелетін жазаны толық айқындап берген. "Нәтижесінде жұмыс тобы екі заң жобасын "ҚР Су кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы деген бір атаумен біріктіруге шешім қабылдады. Бұл орайда негіз ретінде "Су және Қылмыстық кодекстерге бөгендердің қауіпсіздігі және жерлерді суару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы алынды", -делінген құжатта. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін