Жұртқа табиғат туралы жаңа ұсыныстарын жария етіп жүрген Мэлс Елеусізов бүгін Қоршаған ортаны қорғау басқармасымен сот отырысы алдында бас қосты. Экологтың Алматыдағы жаппай оталып жатқан жасыл желекке қатысты ақпараты шенеуніктердің шамына қатты тиген сыңайлы. Әкімдік атына кір келтірді деп, моральдық өтемақы ретінде енді Елеусізовтен 15 миллион теңге талап етуде.
Алтай Рахымбетов, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы:
— Сап-сау ағашты кесіп, сатып жатыр деген Елеусізовтың мәліметі өтірік. Қазір жасыл желек қорын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ағаштар да басқа тірі табиғат сияқты өседі, өнеді, өледі. Ауру ағаштарды кесіп орнына жас көшет отырғызу қалыпты құбылыс. Сол өтірігі үшін енді моральдық өтемақы төлесін.
Ал экологтың өзі айтқандарынан айнымақ емес. Бүгінге дейін 35 мың. түп ағаштың оталуы әкімдік тарапынан жасалған қылмыстық әрекет деп есептейді. Айтуынша, шенеуніктер осылайша паркет дайындаумен айналысатын әлдебір компаниясының сойылын соғып отыр екен. Бірақ онысына дәлел келтіре алмады.
Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:
– Қазір болып жатқан іс, мұның бәрі зорлық. Нағыз қылмыс бұлардың істеп жатқаны. 35 мың ағашты кескен деген ол сұмдық. Халықтың бәрі қазір ызаланып тұр. Ол уятсыз адамдар, бизнес жасап алған. Кез келген бизнесмен келіп мына жерді қырқып бер десе қырқып тастайды.
Әкімдіктегілер болса кесілген әр ағаштың орнына жаңа көшет отырғызып жатқандарын дәлелдеумен әлек.Дауға соңғы нүктені енді сот қояды. Алғашқы отырыс алдағы желтоқсанның онына белгіленген. Сол кезде эколог қосымша мәліметтерді жария етем деп кетті.