Жарияланды: 450

Мемлекет басшысы Астанада елорданың одан әрі дамуы мәселелеріне арнап кеңес өткізеді

Бүгін Астананың «Қазақстан» орталық концерт залында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елорданың одан әрі дамуы мәселелеріне арналған кеңес өтеді.

Осыған дейін хабарланғандай, Астананың дамуына арналған кеңес қарсаңында кеше ҚР Президенті қаланың жол құрылысы, сумен қамтамасыз етудің жаңартылған инфрақұрылымы мен рухани-мәдени маңызды нысандарын аралап көрді. Елбасы Жеңіс даңғылының бойында Гете көшесі мен Ә.Молдағұлова атындағы көшенің аралығындағы учаскеде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен, сондай-ақ «Шеткері аумақты дамыту» (қалаға қосылған кенттерді) қалалық бағдарламасы аясында Тілендиев даңғылының оңтүстік қапталындағы тұрғын үй орамындағы жолдар мен инженерлік желілерді күрделі жөндеуден өткізу және құрылыс барысымен танысты. Келесі кезекте Мемлекет басшысы аралаған нысан жапондық жобаны іске асыру аясында қолға алынған сорғы-сүзгі стансасы болды. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Президентті «Жерұйық» саябағының бірінші кезектегі құрылысымен таныстырды. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Оқушылардың шығармашылық сарайының құрылысы барысымен танысып, «Хазрет Сұлтан» елордалық Үлкен мешіттің құрылыс алаңын аралап көрді. «Ертең біз қаланың барлық мәселесін тағы да қараймыз, жаңа міндеттерді анықтаймыз. Ең бастысы, барша астаналықтарға айтарым - балаларымыз үшін тұрғызылғанның бәрін сақтау керек, балаларды мәдениетке үйрету керек, өздеріңіз көріп тұрғандай таза көшелерді ластамау керек, ал бұл - қалада жұмыс істейтін адамдардың орасан еңбегі. Осыны сақтау керек, спорттық ғимараттарды күтіп ұстау керек, бүлдірмеу қажет, әрбір ағашты, әрбір жасыл желекті қорғай біліп, осы қаланы сүйіп, өз қалаңның қожайыны болу керек. Өйткені қала біздің балаларымыз бен немерелерімізге жүзжылдар бойы қызмет ететін болады. Олар осының бәрін біз солар үшін тұрғызғанымызды есте сақтайтын болады», - деді ҚР Президенті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть