"Мені мүгедек қыламын деді": Тағы бір шенеуніктің бұрынғы әйелі күйеуінің 11 жыл бойы азаптағанын айтты (видео) - kaz.caravan.kz
  • $ 459.75
  • 494.14
+29 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Мені мүгедек қыламын деді": Тағы бір шенеуніктің бұрынғы әйелі күйеуінің 11 жыл бойы азаптағанын айтты (видео)

"Мені мүгедек қыламын деді": Тағы бір шенеуніктің бұрынғы әйелі күйеуінің 11 жыл бойы азаптағанын айтты (видео)

Атырауда Мақат ауданы әкімінің бұрынғы әйелі отау құрған 11 жылда күйеуі ұрып-соғып, масқаралағанын айтты. Сөзінше, балаларын да көрмегелі бір жылдың жүзі болған.

  • 17 Мамыр
  • 25
Фото - Caravan.kz

 Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Әйел бейнемәлімдеме жасап, бұрынғы күйеуінің Атырау облысындағы Мақат ауданының әкімі қызметін атқаратынын, бұрын спортшы болғанын, тіпті Олимпиада ойындарына қатысқанын айтты.

«Ринат Ибрагимов жүйелі түрде бірге өмір сүрген 11 жыл бойы балаларымыздың көзінше  мені ұрып-соғып, азаптады. 2021 жылы таңғы сағат төртте Ринат Ибрагимов мас күйінде балаларымның көзінше мені ұрып-соғып, бетімді сындырды. Содан кейін жедел жәрдем мен полицияны шақыруға мәжбүр болдым. Алайда ол балаларымыз үшін кешіріп, арызымды қайтарып алуды сұрады. Содан соң кешірім беруге мәжбүр болдым. Мұндай оқиға 2023 жылы 31 мамырда тағы қайталанды. Ринат Ибрагимов тағы да балаларымыздың көзінше мені тепкілеп, ұрды. Сол кезде мені мүгедек қыламын деді», – дейді әйел.

Ақмарал Үмбетқалиеваның айтуынша, 2023 жылы ұрып-соғудан кейін оған кеуде омыртқасының сынуы диагнозы қойылып, бір ай бойы жүре алмай қалған. Сол кезде күйеуі «байланыстарын пайдаланып» балаларын алып кеткен. Содан бері балаларын мүлде көрсетпей қойған.

«Бір жылдан бері балаларымды көрмедім. Олармен кездесуге, көруге, сөйлесуге жасаған барлық әрекеттеріме бір ғана жауап естимін: олар мені көргісі де, сөйлескісі де келмейді. Бұл күйеуімнің айғақтарымды кері қайтартуға жасаған әрекеті деп есептеймін», – дейді Ақмарал.

Ол өзінің арызымен аудан әкімінің үстінен қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып жатқанын хабарлады. Алайда оны ешкім ұстап, қызметінен босатпаған.

«Балаларымды алып кету үшін мемлекеттен көмек сұраймын. Бұл іспен күресуден, психикалық және эмоциялық түрде шаршадым. Енді кімге жүгінерімді білмеймін, көмектесіңіздерші», – деді ол қазақ халқына.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Атырау облысының полиция департаменті мен Атырау облыстық сотынан сұрап білді. 

Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, бірнеше сараптама жүргізілді. Бірақ күдікті тарап бұл сараптамалардың шешімімен келіспеді.

“Нәтижесінде 1-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша сотқа 2024 жылы ақпанда жіберілген”, – делінген хабарламада. 

Ал Атырау облыстың соты аталған қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралып жатқанын, келесі сот отырысы 29 мамыр сағат 10.00-де болатынын хабарлады. 

Соңғы жаңалықтар