Мемлекет басшысы Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың Астана қаласын дамыту жөнінде наурыз айында өткен кеңесте президент жүктеген міндеттердің орындалу барысы туралы есебін тыңдады.
Нұрсұлтан Назарбаев үкімет пен Астана әкімдігі тұтастай алғанда, бірқатар құрылыс нысандарының аяқталуына, қаланы абаттандыруға, үлескерлер мәселелерін шешуге қажетті ресурстарды тиімді пайдалана алғанын, сондай-ақ елдің барлық өңірлерін мерейтойлық шараларды әзірлеуге және өткізуге жұмылдыра білгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Астананың 10 жылдығын шақырылған меймандар ғана емес, сондай-ақ елорданың әр тұрғыны өзіне деген ықыласты сезіне аларлықтай етіп өткізу қажеттігін атап көрсетті.
«Елорда тұрғындары мен қонақтары астаналық қызмет көрсету деңгейін сезініп, Астанада өткізген күндерден тамаша әрі оң әсерге бөленіп қайтуы тиіс», — деді президент.
Н.Назарбаев мерейтойлық шаралар аяқталғаннан кейін елордадағы құрылыс нысандарының қарқыны бәсеңдемеуі тиістігіне, ал оларды тапсыру мерзімін одан әрі ұзатпау қажеттігіне баса назар аударды.
Кеңес барысында президент үкіметтің және Астана әкімдігінің алдына Астананы дамыту жөнінде бірақатар нақты тапсырмалар қойды. Таяу жылдары елордада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, ЕҚЫҰ форумы, қысқы Азиялық ойындар сияқты ірі халықаралық шаралар өткізмек.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті