Жарияланды: 580

Мемлекет басшысы Жер Кодексінің 9 бабына вето қойды

Мемлекет басшысының Жер Кодесіне қатысты қарсылығын мәжіліс депутаттары палатаның 18-маусымға белгіленген жалпы отырысында қарайтын болды. Бұл туралы шешім бүгін, 13-маусымда парламент палаталарының бірлескен отырысы аяқталғаннан кейін болған мәжілістің пленарлық жиынында қабылданды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер Кодексінің 13, 20, 33, 47, 50, 85, 112, 148, 170-ші баптарына , нақты айтсақ, жалпы тоғыз бапқа вето жариялады. Мәселен, Жер Кодексінің 50-ші бабына қойған ветоны мемлекет басшысы парламентке жолдаған мәтінде былай деп түсіндірген : " фермерлік шаруа қожалығын құру , не болмаса ауылшаруашылығы тауарын өндіру мақсатымен жеке меншікте немесе жеке тұлғаның , яки заңды тұлғаның немесе олармен байланысты аффилиирлік тұлғаның қолында уақытша ұзақ мерзімді тұтынымда болатын , сондай-ақ, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғалардың қолында уақытша тұтынымда болатын ауылшаруашылық мақсаттағы жер учаскелерінің шектеулі ең жоғарғы көлемін ел бойынша біртұтас көрсеткішпен Кодексте қатаң белгілеу - мұндай өндіріспен айналысудың әртүрлі табиғи-климаттық ахуалдағы аймақтық ерекшеліктерін толыққанды ескеруге мүмкіндік бермейді " . "Өндірілетін ауылшаруашылығы өнімдерінің бәсекелестік қабілеті, көлемі мен рентабельділік көрсеткіші көп жағдайда жер учаскесінің көлеміне тікелей байланысты болғандықтан , мәселеге әлгіндей көзқарас ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігіне нұқсан келтіреді",- делінген құжатта. "Әр өңірдегі өндіріс ерекшеліктерін тек жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың қатысуымен ғана айқындауға болады",-деп санайды мемлекет басшысы. Осыған байланысты ол жер учаскелерінің ең жоғарғы шектеулі мөлшерін "облыстық (республикалық маңызды қалалық және астаналық) атқарушы және өкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде" ҚР үкіметінің белгілеуі дұрыс деп санайды. Ал мемлекет басшысының Жер Кодексінің 170-ші бабына қатысты қарсылығы былай деп түсіндірілген :"жер учаскелерін субарендаға беруші институттардың жұмыс істейтін мерзімін бір жылға белгілеу мен шартты жер үлесін жалға алу құқығы - жерді жалға берушілердің жер учаскесіне қатысты құқығы мен шартты жер үлесін меншіктенушілердің өз құқығынан оларға қатыссыз себептермен айрылып қалуына түрткі болуы мүмкін. Өйткені, осындай құқықтарды Кодексте көрсетілген шарт бойынша қайталап рәсімдеу біршама ұзақ уақытты талап етеді". Осыған байланысты мемлекет басшысының пайымдауынша, "аталмыш институттарды қысқартудың ең қолайлы мерзімі - 2005-жылдың 1-қаңтары" болмақ. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысының Жер Кодексіне қатысты қарсылықтары бойынша парламент палаталарының шешімі 27-маусымда өтетін бірлескен отырыста қабылданады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть