Жарияланды: 670

Мемлекет басшысы журналистерді марапаттады

Бүгін, 2-шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сыйлықтар мен гранттарды табыстады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Астанадан.

Журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтаған Елбасы өзінің жұмыс күні әдетте газеттер оқып, теледидар көруден басталатынын атап өтті. "Журналистердің ел ішіндегі табыстар мен кемшіліктерді ортаға салу арқылы отанға көмектеспек болатын шынайы әрі ізгі ниеті, азаматтық позициясы мен нағыз қызығушылығы , ақпарат берудегі алғырлығы мені қуантады",- деді Елбасы. Мемлекет басшысының пайымдауынша, мемлекет өзінің журналистика саласын мақтан тұта алады. ҚР президентінің арнайы сыйлығы аймақ өміріндегі қоғамдық-саяси жаңартуларды тереңнен толғап насихаттағаны үшін "Рудный Алтай" газетінің бас редакторы Анатолий Акаваға табыс етілді. Бас редакторға дипломын табыс еткен Елбасы газеттің 85 жылдық мерейтойымен құттықтады. "Ана тілі" газетінің бас редакторы Мереке Құлкеновқа халықтың тарихи жадынамасын жаңғырту, ұлттық мәдениет, тіл мен дәстүрді дамытуға бағышталған мақалалар топтамасы үшін Елбасының сыйлығы бұйырды. "Қазақстан республикалық телерадиокомпаниясы" ЖАҚ-ның "Ел" шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Иманбай Жұбаевқа мемлекеттілікті нығайту, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелеріне арналған "Бар мен жоқ" интерактивті телешоу ұйымдастырғаны үшін ; "Время" газетінің шолушысы Гүлнар Таңқаеваға көп ұлтты Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттағаны үшін; сондай-ақ, "Вечерняя Астана" газетінің ұжымына Елбасының арнайы гранттары табыс етілді. "Түркістан" газетінің бөлім бастығы Есенгүл Кәпқызы, "Рахат-ТВ" телекомпаниясының президенті Дарья Клебанова, Астана теледидары АсТВ-ның ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының бас редакторы Бағдат Қожахметов, сондай-ақ, "Экспресс К" газетінің фототілшісі Алексей Некрасовтарға Елбасының атынан ризашылық жарияланды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть