Қонаевты қозғау үшін қадау-қадау құжаттарға қадалып, білек түріп бейнеқорға бас қоюға тура келеді. Артындағы мұра талай мұрағаттың белін қайыстырардай көп. Қонаев көпшіл өйткені.
Кеңес кезінде 45 жыл қазақтың қазақтығын ту етіп, Қызыл империя атты аждаһаның аузында жұтылып кетпеуі үшін тер төккен. Бір басының емес, түмен елдің ертеңін ойлады. Лениннің бейнесі төрінде ілулі тұратын шақта ҚазақКСР-і білім саласының 40 жылдығында сөйлеген сөзі көптің жадында.
Алаштың атпал азамат қазақтың қамы үшін талаймен тіресті, мінберлерде меселі түспей, тізе батырғандарға тік сөйлейтін қазақтың қолындағы қайратты қаруы болды. Үйінен қызмет орнына дейін жаяу барып, қарашамен бірге қым-қуат тірлігін қылған Дінмұхамед Қонаев 1993 жылы 81 жасында көз жұмған. Арада аттай 20 жыл өтіпті.
Қонаевтіңескерткішіне бүгін де қарақұрым ел жиналды. Қазақ тәуелсіздігіне елеулі үлес қосқан тарихи тұлғаға ерекше ілтипат қылды. Өзі 25 жылдай өмір сүрген үйге бас сұқты. Қазір бұл жер мұражай. Мұндағы жәдігерлер қазақ үшін қарусыз майданда қасық қаны қалғанша шайқасқан Дінмұхамед Қонаев жайлы талай ақпарды айтардай. Ал көзі тірі куәгерлер Димаш ақсақалдың адалдығына әлі де сүйсінеді.
Сара Қонаева, Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы:
—Байлық жинаған жоқ, содан біз өзіміз зейнетақымен тұрамыз. Байлық жиған жоқ, ел үшін жер үшін Қазақстанның құттай жерін ешкімге бергізбеді.
Айтса айтқандай, Қонаев қазақтың жерін көкпарға салғандардың сыбағасын берді. Өзбекке кеткен жерлерді кері қайтарды, «Маңғыстауды Түркменстанның қарамағына берейік» деп желпінген шолақ белсенділердің тірлігін шорт кесті. Қазақ үшін түн қатып жүріп, түс қашқан азамат алдына жәрдем сұрап жеткендердің де меселін қайтармаған жомарт жан.
Гүлжамал Нұрбекова:
— Үй берді Панфилов көшесінен 2 бөлмелі. Үш мәрте берді үйді енді сондай жақсы адам еді. Ондай жақсылықты ұмытуға болмайды.
Алты Алаштың алыбы арыстандай ақырып, көкбөрідей айбат шегіп ат төбеліндей қазақтың қамы үшін жанын жегідей жеді талай. Ниеті бөтендер аяқ тартатын. “Тату елге тақсірет жуымайды” деп түйген Дінмұхамед Қонаев қазіргі татулықтың іргесін қалап кеткеніне де тарих куә. Талай қияметті басынан өткерді, қазаққа қолдан келгенше жәрдемін жасады. Қалғаны бүгінге аманат.