Жарияланды: 590

Мемлекеттік комиссия мүшелері "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасының екінші бағытының жүзеге асырылу барысын талқылады

Астана. 19 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен бүгін Қазақстан Республикасының экономикасын модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Оның аясында "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасының екінші бағытының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды агенттік тілшісі үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мемлекеттік комиссия мүшелері бағдарламаны жүзеге асыруды пәрмендендіру жолдарын, оған Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қатыстыру мәселелерін талқылады. ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың ақпаратына сәйкес, қазір жұмыстар екі бағыт бойынша жүргізілуде. Бұлар - бизнестің ірі инвестициялық жобаларды мемлекеттік нақты қолдау шараларының көмегімен жүзеге асыру жөніндегі бастамаларын қарау және экономиканың шикізаттан басқа басымдық берілген секторларын анықтау жөніндегі мемлекеттік бастаманы дәйектеу және бизнесті дамытуға жағдайлар жасау. Мемлекеттік комиссия мүшелеріне бұрын қолға алынған бастамаларды бір жүйеге келтіруге және жүзеге асырылып жатқан жобаларды индустриялық аймақтарды, ұлттық және өңірлік технопарктерді дамыту тұрғысынан аяқтауға назар шоғырландыру, сондай-ақ, экономиканың шикізаттан басқа басымдық берілген секторларын анықтау және зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастыра келе нақты тауарлар мен қызметтерді айқындау, жобаларды басқаруды институт ретінде нығайтумен (ӘКК, басқарушы компаниялар, концессионерлер) шұғылдануға кеңес берілді. Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қазір жүзеге асыруға қабылданған 45 серпінді жобадан базалық тізім қалыптасты. Соның ішінде мемлекеттік органдар жауаптанған 30 жоба бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ, жылына 10 млн тоннаға дейін өнім өндіріп, болат өндірісін дамыту және модернизациялау жөніндегі "Арселор Миттал" компаниясының серпінді жобасын бағдарламаға қамту ұсынылды. "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын жеделдету үшін мемлекеттік комиссияның отырысында бәсекелестік қабілетінің деңгейі жоғары экономика секторларын анықтау, әрбір секторды дамыту стратегиясының жобасын жасау, жан-жақты мастер-жоспар жасау ұсынылды. Мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша республика үкімет басшысы индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен "Қазына" ТДҚ жеті макроөңірдің маманданатын бағыттарын бір айдың ішінде айқындауға тиіс. Сондай-ақ, қазіргі бар арнаулы экономикалық аймақтарды дамыту және құру бойынша ұстанымдарды толықтыру тапсырылды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін