Тікұшақтың артқы бөлігі ғана бүтін демесең, алдыңғы жағының сау тамтығы қалмапты. Үйінді астынан кеше 7 адамның денесі табылса, бүгін таңертен 8-шісінің мәйіті шығарылды. Сонымен, экипаж командирі — Рауль Хабибуллиннің, ұшқыш — Нұрлан Есеналиевтің, механик пен екі инженердің, сондай-ақ тапсырыс беруші — «ҚазТрансОйл» компаниясының 3 қызметкерінің өлгені нақты белгілі болып отыр. Қазір оқиға орнында толыққанды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Естеріңізге сала кетсек, «Ми-8» тікұшағы сенбі күні «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырын әуеден бақылау үшін шыққан болатын. Бірақ діттеген жеріне жетпей, жоғалған еді. Із кесушілер әуе көлігін тек 5 күннен кейін тапты.
Айдос Оңғаров, Алматы облысы ТЖД баспасөз бөлімінің Бас маманы:
— Кеше кешкі 8 жарым шамасында 7 адамның денелері табылды. 8-ші, соңғы адам бүгін 11-лерде анықталды. Бұдан ары қарай апаттың себептеріне қатысты прокуратура жауап беретін болады.