Мұхамеджан Тазабеков тізгіндеген "Тәлім Трендке" белсенділер неге қарсы: Арна продюсері жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 487.44
  • 567.38
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мұхамеджан Тазабеков тізгіндеген "Тәлім Трендке" белсенділер неге қарсы: Арна продюсері жауап берді

Мұхамеджан Тазабеков тізгіндеген "Тәлім Трендке" белсенділер неге қарсы: Арна продюсері жауап берді

Қазақстан Ұлттық арнасынан" көрерменге "Тәлім Тренд" бағдарламасының жол тартқаны осы еді, әлеуметтік желі белсенділері өре түрегелді. Себебі - бағдарламаны тізгіндеген белгілі айтыскер ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабеков.

  • 21 Қазан 2020
  • 70
Фото - Caravan.kz

Жобаның алғашқы саны эфирге шыққан бойда дау астында қалды. "Тәлім Трендке" қарсы көрермендердің пайымынша, бағдарламада Тазабеков "өз идеологиясын насихаттауы мүмкін"

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаның мақсаты туралы ұйымдастырушылары "отбасы құндылықтары, ескі мен жаңа дәстүрлер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен құқығы сияқты әлеуметтік тақырыптар қозғалады" дейді. Дегенмен, қоғам белсенділері бұған "иланбайтын" секілді. 

Заңгер-адвокат Айгүл Орынбек Facebook желісінде бағдарламаның берері жоқ, жүргізуші ауыссын деп үндеу тастауда. 

"Полиция мәртебесін көтеріп, рухтандыру не үшін керек болды саған Тазабек? Халыққа қарсы оқ атуға дайындап жатсың ба? Марқұм Ғазиз Байтасовты күнде шәй ішкендей мінездедің. Оны “бір қылмыскер өлтірді” деп қоясың, миы уланған вахабист, террорист өлтірді деп неге ашып айтпайсың Тазабек? Байғұс Ғазиз ағамыз, көрінде бір аунаған шығар, террористің қолынан қаза болдым ғой деп!  Тәлім бергіш екенсің сол 2011 жылдан  бастап вахабист, террористерге неге тәрбие бермедің? Алаңға митингіге шыққан халықтан полиция қызметкерлері қаза болып жатқан жоқ! Миы уланып, діни теріс ағымда жүрген террористтер полиция қызметкерлерін қырып тастаған! Ал айтшы енді кімге сенің тәлімің керек? Ұлттық арнаны жайына қалдыр! Бұл  тәрбие беретін емес, халықты езетін бағдарлама екен! Бірінші анау түрмедегі сәләфиттерді тәрбиеле!" — деп жазба қалдырды Айгүл Орынбек.

Тазабеков десе кірпідей жиырылатын Айгүл Орынбек бұл жолы да үнсіз қалмады. Тазабеков пен Айгүлдің арасындағы көпжылдық керісті көпшілік жақсы біледі. Адвокат жеке басына қатысты айтар уәжім жоқ дегенімен, бағдарламадан жүргізушіні ауыстыру туралы талабы барын жасырмайды.

Отандық танымал редактор-сценаист Перизат Мырзахмет жоба туралы оң пікірде. Тазабековтің бағдарламасында екі рет қонақ болып қайтқан ол жобаның айтары мол екенін, діни бағыттағы әңгімелер болмағанын жеткізді. 

"Мен "Тәлім Трендтің" екі шығарылымына қонақ ретінде қатыстым. Екеуінде де дінге қатысты ешқандай сөз айтылған жоқ, керісінше, қазіргі ең өзекті мәселелер көтеріліп, талқыланды. Тазабековтің командасы өз ойларын, позициясын басқа арнаға бұрған. Қазір олар қазақты бірлікке шақырайық, дінге, ұлтқа, тілге  бөлінбейік деген ұран тастап жатыр. Бұрын қыздардың жалаңаш жүргені еркектерді импотент қылып жатыр деген ойларынан қайтқан. Басқаша ойда, феменистік көзқарасқа оң қарайды", — дейді Перизат Мырзахмет.

Талай бағдарламалар мен отандық жобаларға редактор болған ол бағдарламаға халық қарсы емес екенін, керісінше, ыстық ықыласына бөленген жоба дейді. Желідегі 3-4 блогердердің қарсы болғанына жаппай халық қарсы болып жатыр деп дүрліктірудің қажеті жоқ екенін айтып қалды. 


"Әуелі бағдарламаны көру керек. Сосын бағдарламаның жабылуын көпшілік емес, 3-4 қоғамдық белсенді айтып жатыр. Халық оларды жақсы көреді. Өйткені, халыққа қажетті сөздерді айтады. Бағдарламаны сынаушылар көбінде орыстілді аудитория. Сондықтан халық қарсы шығып жатыр деп жалпылаудың қажеті жоқ", — дейді Перизат. 

Желідегі пікірлер арасыда "Ұлттық арна басшылығы неге бұл бағдарламаға жол берді, қайда қарап отыр" деген сөз көп. Ұлттық арнаға бас продюсер болып тағайындалған  журналист, тележүргізуші Мақсат Толықбайдың өзінен сол сұрақтарға жауап алдық.

"Желідегі пікірлерді көрдім. Қанша адам болса, сонша пікір барын ұмытпайық. Менің бас продюсер болып келгеніме енді екі апта болды. Каналдан көрсетілетін 12 жоба мен келмей тұрып шешіліп қойған. Мен алып келген, қарауымнан өткен жоба емес. Бірақ бізде әрбір бағдарлама эфирдің алдында сүзгіден өтеді. Бізде "(Ұлттық арнада" — ред.) Алла, Құдай, иман, ассаламағалейкум деген сынды сөздер эфирден жіберілмейді. Ол жағы қатаң бақылаудан өтеді. Аты айтып тұрғандай ол жобада тек қана тәрбиелік мәні бар мәселелер көтеріледі. Шындығында халық бағдаламаға қарсы емес, тек бұған дейін де Мұхаммеджан Тазабектің жеке басына қатысты көптеген пікірлер болды. Соның әсері болса керек. Бағдарламаның тек бірінші саны ғана шықты. Әліптің артын бағайық. Қарсы шығып жатқандар сол бағдарламаны көрмеген де шығар деп ойлаймын", — деп қысқа қайырды Мақсат Толықбай.