Жанат Жалғасжастайынан сахнада ән салуды армандаған. Құлағы естімесе де теледидардан көргендерін қайталап, жүрегімен ән салыпты. Бірақ, жақындарына арманын жеткізуге жасқанған. Бүгінгі байқауда ол өзі сияқты құрбы-құрдастарымен қосыла шырқап, көптен бергі арманына қол жеткізгендей болды. Жалпы концерт атаулыға құлағы естімейтін жарымжан жандар көп бара бермейді. Өйткені оларға сахнадағы сазды аударып беретін адам жоқ. Ал үш жылда бір рет ұйымдастырлатын бүгінгі ән кешіне еліміздің әр өңірінен осындай алпысқа жуық өнерпаздар келіп қатысқан.
Жанат Жалғас, байқауға қатысушы:
-Мен әнді жан дүниеммен сезінемін. Лирикалық әндер жаныма жақын. Мектепте қимылмен ән шырқауға бейімделе бастадым. Биді де сол арнайы мамандандырылған білім ордасында үйрендім.