Жыл сайын өтететін басқосуға шетелдік дипломаттардың бірі қалмай қатысады. Сондықтан бүгін Ақорданың алдында VІР-көліктер сіресіп тұр. Президент сарайына кіргенше асыққан дипломаттарға Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауын түсіндіріп қана қоймай сыртқы саясатта ең әуелі негізгі одақтасы Ресеймен байланысты күшейтетінін мәлімдеді. Осыдан кейін іргедегі Қытай, Орта Азия мемлекеттері, Еуропалық Одақ және АҚШ-пен қарым-қатынасқа басымдық бермек. Яғни, Ақорда көпвекторлық саясаттан бас тартпақ емес. Сондай-ақ, басқосуда Елбасы Украинадағы қантөгісте 5 мың аса адамның қаза тапқанын, осы тұрғыда «Норманд төрттігінің» Минскіде 16 сағат бойы көз ілмей келіссөз жүргізгенін жоғары бағалады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл өте қиын, әрi ауыр кездесу болды. Сондықтан осы сәтте ұстамдылық танытып бітімге келген мемлекет басшыларына қол соғуымыз керек. Олар әрі қарай қанды қырғынға жол бермей, атысты тоқтатты. Енді қол қойылған келісім мүлтіксіз орындалуы қажет. Мұны күллі әлем күтіп отыр.
Жылы жымиып жүріп Ақорданың сыртқы саясатын жазып алған елшілер енді оны өз елдерінің басшыларына жеткізетіні анық. Ал емен-жарқын әңгімеден соң, Назарбаев дипломаттарды шайға шақырды. Кейін бірігіп естелікке суретке түсті.