-Әкеңе, әжеңе менен сәлем! Сау бол!
Президенттен хат келді! Исабаевтар отбасы таңертеңнен бері тілдей қағазға қарап не сенерін, не сенбесін білмей жүр. Елбасының қолы тайға таңба басқандай анық білініп тұр. 10 жасар Ержан тұрмақ, оның әке-шешесінің өздері қатты толқу үстінде хатты қайта-қайта оқиды.
-Елбасы хат жазады ойламадық. Отбасымыз үшін бұл үлкен мәртебе.
Хат келеді деп ешкім де күтпеген. Елбасы «Ержан! Хатыңды алдым,» деп рахметін білдіріп, балаға көптеген ізгі тілектер айтқан. Негізі, Ержан хатты орыс тілінде жазған. Ал Елбасы өзінің жауабында «ендігі жолы хатты қазақша жазатын бол» деп ескерту айтыпты. Оқушы енді Президенттің осы айтқанын орындаймын деп отыр.
Ержан Исабаев:
-Елбасы сабақты жақсы оқып, көп білім ал деді. Сонда үлкен азамат болып, туған жеріңе қызмет етесің деді. Отбасыма сәлем жолдады. Хатты достарыма, сыныптастарыма көрсеттім. Бәрі қызығып, қайта-қайта оқып жатыр.
Ержан Елбасымен екі жасар кезінде кездесіпті. Онда үлкен топтың ортасында, ойда-жоқта Президент баланы көтеріп, батасын берген екен. Содан бері бала естелік суреттерге қарап, қайта кездесуді армандаған. Арада он жыл өткен соң, Президентке хат жазып, жағдайын сұрағысы келіпті. Әрі Нұрсұлтан Назарбаевты туған күніне шақырған.
Бауыржан Исабаев, Ержанның әкесі:
—1-2 күннен кейін Елбасының көмекшілері хабарласты. Елбасы осындай хатты оқыды. Көңілі көтерілді сол хатты оқыған соң деді. Балам өте қуанышты. Ол баламның туған күніне өте үлкен сыйлық болды.
Хат Ақордаға жылдам жеткен. Бір қызығы, жауапты Елбасы небәрі 2 күннен соң жіберіпті. Мұндайды күтпеген Исабаевтар әулеті хатты төрге іліп қойды.