Бүгін Үкімет мүшелері түгел Ақордаға ағылды. Алқынып жеткен облыс әкімдері де, асығыс. Тек министрлердің көңіл-күйі көтеріңкі. Онысы жиынға президент кіріп келгенде сап тиылды. Алдымен премьер Серік Ахметов былтыр қол жеткізген жетістігін баяндады. Бірақ, алғашқы таяқтың ұшы бірінші кезекте оған емес, экономика министріне тиді. Ерболат Досаев Елбасының шетелдік инвесторларды көптеп тарту үшін оларға қандай жағдай жасау керек деген сұрағына нақты жауап бере алмай күмілжіп қалды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Мен нақты сұрақ қойсам сен көп сөйлеп кеттің. Бұлай болса экономика министрінің сөзін ел түсінбейді ғой. Сен дұрыстап халық түсінетіндей етіп сөйле. Түсінікті болуы үшін.
Осы қатал ескертуден соң атқамінерлер абайлап сөйлеуге тырысты. Ал жиында соңғы күндері теңгенің девальвацияға ұшырауына байланысты туындаған түсінбестік те, айтылмай қалмады. Ұлттық банктің шешімін қолдаған Нұрсұлтан Назарбаев, бұл мәжбүрліктен жасалған қадам деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
—— Мұндай шара экономиканың 6 пайыз өсімін қамтамасыз етеді. Түсінікті болу үшін айтайын экономиканың өсімі деген сөз ол — ақша. Ол халыққа зейнетақы жалақы ретінде төленеді. Яғни, қандай жағдай болмасын жыл сайын экономиканың даму қарқынын еселеп отыруымыз керек. Дүрлігудің қажеті жоқ. Қапшықтап ұн алудың да. Азық-түлік қоры елімізде жеткілікті. Енді теңге құбылмайды.
Ал ендігі жерде мемлекет коммерциялық банктерге тиын да татырмайды. Есесіне, кіріс әкелетін орта және шағын бизнеске бюджеттен 1 триллион теңге бөлінбекші. Бірақ кәсіпкерлерді СЭС, өрт сөндірушілер мен салықшылар кезекпен тексеріп әбден діңкелеткен. Тіпті әшкерелеуші материал ретінде Елбасы республикалық басылымға шыққан мақаланы жиналғандарға оқып берді. Онда құзырлы органдардан құқай көрген бизнесменнің жанайқайы жазылған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Егер тиісті құжатсыз өнім өндіруді бастап жіберсем, күндердің күнінде менің цехыма бетіне бетперде киген қарулы жасақ басып кіреді. Қолымда қайырып еденге жатқызады. Рашид, сен бе, еденге жатқызатын? Әлде Қасымов па?
Оның «қисынын» түсіндіруге ешкімнің батылы жеткен жоқ. Ал елімізде 1 сәуірден бастап білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт , әлеуметтік пен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 10 пайызға өседі. Сондай-ақ, небарі 1 жарым айдан соң зейнетақы 14, жәрдемақы 12, студенттердің стипендиясы 10 пайызға көтерілмек.
Нұрсұлтан Назарбаев,Қазақстан Республикасының президенті:
—— Сондай-ақ, «Самұрық- Қазына» қорына кіретін барлық компаниялар 1 сәуірден бастап өз қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға көтерсін. Қайталам айтам тек инженер-техникалық персонал мен өндірісті істейтіндерге. Кеңседе отырып алып уақыт өткізетіндерге емес. Түсінікті ғой. Мен кеше, Қазақстандағы металлургия,тау-кен өндірісіндегі ірі компаниялардың басшыларына ұсыныспен шықтым. Атап айтқанда,«ArcelorMittal», «Қазақмыс», «Казцинк», «ENRC» сынды, компанияларға өндірістей істейтін жұмысшылардың еңбекақысын 10 пайызға өсіруді сұрадым. Атын атамаған басқа ірі кәсіпорындар мен орта және шағын бизнес саласындағы компаниялар менің ұсынысымды қабылдап, қызметкерлерінің жалақысын өсіреді деп сенемін.
Үш сағат бойы құты қашқан министр мен әкімдер орындарынан бірнеше рет тұрғызылды. Себебі 4 ай бұрын осындай кеңесте берген Елбасының тапсырмалары жүрдім-бардым орындалған. Енді шикілік жібергендер қызметімен қош айтасады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Жұмыс істеу керек. Күндіз- түні. Халық сенім артып отыр. Жауапкершілікті ақтау керек. Келістік пе? Жұмыс істеңдер ендеше. —
-Осылайша, Елбасы премьерден бастап, барлық министр мен облыс әкімдерінен тәулік бойы көз ілмей, жұмыс істеуді талап етті. Үкімет үмітті ақтай алмаған жағдайда «отставкаға» жіберілетінін Нұрсұлтан Назарбаев қатал ескертті. Ал Ақордадан зор міндет жүктеп шыққан шенеуніктер әдеттегідей берілген тапсырманы "орындаймыз" деп уәде беріп тарқасты .