«Обама ма, әлде Ромни ме?» - республикалық басылымдарға шолу
Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелерi бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасының таныстырылымын өткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Бәйменов заң жобасы бойынша баяндама жасады. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2011 жылғы шілде айында |
бекіткен Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын жүзеге асыру және нақты тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Агенттік төрағасы бұл заңның Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерге сәйкестігін атап өтті. Себебі, меритократия қағидаттарын күшейту әлеуметтік жаңғырту құралдарының бірі болып табылады. Заң жобасының негізгі басымдықтары:
- кадрларды іріктеу мен жоғарылату кезінде меритократия қағидатын күшейту;
- «А» басқарушылық корпусын құру,
- персоналды басқару институттары мен механизмдерін жетілдіру;
- кадр қызметінің рөлін арттыру;
- тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту.
Заң жобасы тұрғысында көтерілген осы және өзге де мәселелер «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі» деген тақырыппен жарық көрді.
«Газет оқырмандар қолына тигенше, АҚШ-тағы президенттік сайлау да мәресіне жетіп үлгереді. Сайлауға бір күн қалғанда АҚШ президенті Барак Обама өзінің бәсекелесі, республикалық кандидат Митт Ромниден екі пункт озық тұрған болатын. Қолымыздағы соңғы мәліметтерге қарағанда, алғашқы ашылған сайлау учаскелерінде іс басындағы президент Барак Обама жеңіске жеткен. Бірақ бұл демократтың аты барлық жерде бірдей озып келеді деген сөз емес. Сарапшылардың пайымдауларынша, осы жолғы сайлау бұрын-соңды болмаған текетіреспен өтсе, бір үміткер екіншісін сәл ғана басымдықпен жеңетін болады»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Обама ма, әлде Ромни ме?» деген тақырыппен жария етілген материалда.
***
«Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында Парламент қабырғасында қарша борайтын депутаттық сауалдарға қатысты «Депутаттық сауалдардың қадірін кетіріп алған жоқпыз ба?» деген мәселе көтерілген. Осы жайға байланысты саясаттанушы Айдос Сарым «ия» деп жауап берсе, ҚР Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл қарсы дәйектерін келтіреді.
Осы басылымдағы «Ақсақалдар алқасы қоғамдық институт ретінде неге қайта құрылмайды?» атты мақалада Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы осындай қоғамдық институтты мысалға ала отырып, ұлттық менталитетіміздің ажырамас бөлігі ретінде дәстүрімізге сай, ұрпақтар сабақтастығына ұластыратын ұлттық институтты заңдық тұрғыдан қалыптастыру керектігі сөз болған.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, елордадағы «Зодиак» ойын-сауық кешенінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің Кубогіне бильярдтан («Мәскеу пирамидасы»)турнир өтті. Турнирге 128 бильярдшы қатысқан көрінеді. Олардың ішінде шеберлер мен кәсіпқойлары да бар. Осы тартысты дода жайында білгіңіз келсе «Турнир на Кубок Ильи Ильина» атты материалды қараңыз.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін