Жарияланды: 440

Оңтүстік шекарадағы ахуалды ескере отырып, Ұжымдық шұғыл әрекет етуші күштердің жауынгерлік дайындығын жақсарту керек - Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы

Ұжымдық Қауіпсіздік жөніндегі Келісімге мүше елдер ұйымының оңтүстік шекарасында қалыптасқан ахуалды ескеру негізінде Ұжымдық шұғыл әрекет етуші күштердің жауынгерлік дайындығын бірлесе отырып жақсарту керек .

Бүгін, 2-шілдеде Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін Ұжымдық Қауіпсіздік жөніндегі Келісімге мүше елдер ұйымының Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы Николай Бордюжа осындай пікір білдірді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Астанадан. "Қазақстан президентімен болған кездесуде біз Ұжымдық шұғыл әрекет етуші күштердің жұмыс принциптерін жан-жақты талқылап, оны нығайту үшін мемлекет тарапынан жасалатын қадамдарды дәйектедік",- деді Н.Бордюжа. Бүгінде Ұжымдық шұғыл әрекет етуші күштердің құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстандық батальондар қамтылатыны белгілі. "Ұжымдық Қауіпсіздік жөніндегі Келісімге мүше елдер ұйымы үшін алаңдаушылық тудыратын басты фактор - Ауғанстандағы тұрақсыздық болып табылады. Бірінші орында осы елден ағылып жатқан есірткі ағыны тұр",- деді ол. Н.Бордюжаның айтуынша, соңғы бір жылда Ауғанстанда апиын көкнәрінің егістік ауқымы 2,5 есе артқан. Сонымен бірге, Орталық Азия аймағында әрекет ете бастаған немесе соған талпынып отырған лаңкестік сипаттағы радикалдық діни топтардың қанат жая бастауы да қауіп-қатерді ұлғайта түсуде. Сондай-ақ, Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы Николай Бордюжаның пайымдауынша, заңсыз көші-қон және ұйымдасқан қылмыспен күрес мәселелері де Ұжымдық Қауіпсіздік жөніндегі Келісімге мүше елдер ұйымының бірлескен күш-жігерімен шешілуге тиіс.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть