–Көметінін көміп жатырмыз. Көмбейтінін жерге тастап жатырмыз. Оның үстіне итім де өліп жатыр осыны жеген.
Ащысайда 1 ай бұрын ұсақ мал бір-екіден өле бастағанда жұрттың өзі жылан шаққан шығар деп, өлген малды ауыл сыртына шығарып көме беріпті. Тек, содан бері аша тұяқтылар бірінен соң бірі жаппай сұлай бастаған. Қазір өлген мал саны 60-қа жетті. Ал, қорада тұрғандарын қотыр басқан.
– Малымызды осылай жара басып кетті. Қалғаны осындай болып өлді. Малымыз осылай өле бере ма? Қарап жатқан адам жоқ. Келеді дағы автол жағыңдар дейді. Одан сайын өршіп бара жатыр мұның бәрі.
Жалғызбасты ана Әсия Бекмұханбетованың күні 25 қой-ешкісіне қарап отырған. Екі күн ішінде байлап отырған екі қойынан айрылған оның тағы 4 ұсақ малының ауызы құрттап, іші өтіп жатыр. Енді осыдан айрылып қалмас үшін қозы-лағына дәріні өзі береді, инесін де өзі салады.
Әсия Бекмұханбетова, Ащысай ауылының тұрғыны:
-Іші өтеді,сосын мұрнынан су ағады, сосын аузынан көбік ағады. Мен екі-үш рет бардым Кентауға 60 шақырым жер. Автобуста жүрмейді таксимен 500 теңге ары, 500 теңге бері. 9 мың теңгеге порошок алдым. Шприцін алдым. Спиртін алдым, мақтасын алдым, Бірақ нәтиже жоқ.
Кентаудың ветеринарлары болса 1 айдан бері бірнеше мәрте сынама алып облысқа жібердік дейді. Тек, құтыдағы сұйықтықтар ыстықтан жолда бұзылып кетіпті.
Алтынбек Құрманбеков, Кентау қалалық ветеринарлық қызметінің директоры:
-Қазіргі таңда алдын алу шараларымен нетокс деген дәрі салып жатырмыз. Антибиотик әсер ететіні де бар. Күннің ыстықтығы бар. Ал, енді біз обаға күдік болғандықтан зертханаға беріп отырмыз.
Зертханаға түскен сынама тек келесі аптаның ортасына қарай дайын болмақшы. Ал, әзірге халық малын ыстықтан қорғасын деп қана кеңес беруге жарап отыр ветеринарлар.
-Ащысайда мал бірінен соң бірі жаппай өліп жатса да ветеринарлар малға келген індет жұқпалы емес дейді. Қазір сараптама қортындысын оларда жұртпен бірге күтіп отыр. Қортынды шыққан бойда ары кетсе 10-15 күн ішінде Ащысайдағы аша тұяқтыны толық вакцинациялаймыз деп уәде береді.