"Оның жүрегі жоқ": Прокурор жарыссөзде Абайдың сөзін оқыды - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Оның жүрегі жоқ": Прокурор жарыссөзде Абайдың сөзін оқыды

"Оның жүрегі жоқ": Прокурор жарыссөзде Абайдың сөзін оқыды

Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі аяқталуға жақын.

  • 2 Мамыр
  • 24
Фото: видеодан алынған

Бүгін әйелін өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Прокурор Айжан Аймағанова бірінші болып сөз алып, оқиғаға қатысты деректерді оқып берді.

Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы министр, еліміздің бет-бейнесі, өз ісіне екі есе жауапты болуы керек екенін айтты.

«Бишімбаев – жоғары білімді, шетелде білім алған, ауқатты отбасында дүниеге келген, бұрынғы Экономика министрі. Еліміздің бет-бейнесі. Ол кемсітушілікке лайық емес, сонымен қатар ол өз әрекеті үшін екі есе жауапты болуы керек», — деді прокурор.

Сондай-ақ Айжан Аймағанова марқұм Салтанат Нүкенованың қандай болғанын айтты.

“Салтанат – Күн сәулесі секілді жарқын қыз еді. Бишімбаев оны экономикалық, психологиялық тұрғыдан өзіне тәуелді етті. Тіпті өлгеннен кейін өзін ақтау үшін марқұмды қаралап, бар кінәні оған жауып жатыр”, – деді Аймағанова.

Одан бөлек прокурор соққылардан кейін Нүкенованың басына жиналған қанның көлемін құтыға сұйықтық құйып көрсетті. Адам басына 70 мл гематома жиналса, өледі. Ал, Салтанаттың басына 230 мл қан жиналып, миын қысқан.

«Құрметті алқабилер, құрметті сот, мен ақылды, білімді, келбетті, бірақ ең маңызды нәрсе, жүрегі жоқ адамды бірінші рет көріп тұрмын. Онда жүрек жоқ. Біз оның көзінен өкініш көрген жоқпыз. Жанашырлық, аяушылық сезімін көрмедік. Бишімбаевтың айтқанындай, Салтанат унитазға, еденге құлағаннан қаза тапты ма әлде оның соққыларынан көз жұмды ма, оны бізге мамандар мен экспертиза қорытындысы көрсетіп берді», — деді Айжан Аймағанова. 

Сөзінің соңында мемлекеттік айыптаушы атақты Абай Құнанбайұлының 14-қара сөзін оқыды.

«Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі. Асықтық та — жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау — ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры — әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.

Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі — пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?».

Айта кетейік, сот жарыссөзі аяқталғаннан кейін сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.

Соңғы жаңалықтар
Тоқаев 71 жасқа толды
Жаңалықтар 17 Мамыр