Индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның жалпы құны 8,450 млрд. теңгені құрайды. Нысанның арқасында 610 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Фабриканың жалпы қуаттылығы жылына 10 млн. шаршы метр кілем өнімдерін құрайтын болады. «Жоспарға сәйкес жобада 4 кезеңнен тұратын 26 желі іске қосылуы тиіс. Бүгін сол жоспар бойынша жобаның алғашқы кезеңінің 6 желісі іске қосылды. Осы кезеңдегі жоба құны 1,7 млрд. теңге болмақ және қуаттылығы жылына 2,3 млн. шаршы метр кілем шығаруға қауқарлы. Дәл қазір кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны ашылды», — делінген баспасөз баянында.
Фабриканың екінші кезеңінде, яғни 2014 жылдың екінші жартыжылдығында құны 750 млн. теңгені құрайтын жіп иіру фабрикасы іске қосылып, онда 150 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл жалпы 26 желіні шикізатпен (тоқыма жіппен) толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал үшінші кезең 2015 жылға жоспарланып отыр. Онда жалпы құны 3 млрд. тг құрайтын 10 желіні іске қосу көзделеді және бұл кезеңде жаңадан 180 жұмыс орны ашылатын болады. 2016 жылы фабриканың төртінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Өндірісте Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған шетелдік заманауи жабдықтар пайдаланылады.
Қосымша айта кететін жайт, қазіргі таңда, аймаққа кілем өнімдері негізінен Ресей, Түркия, Иран, Өзбекстан және Бельгиядан импортталуда. Ал жобаның жүзеге асырылуы кілем және кілем бұйымдарының импортты алмастыруына үлкен мүмкіндік беріп, нарықты отандық сапалы өнімдермен қамтамасыз етеді.