АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты бүгін өңірге Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев келді. Ұшақ құлаған орында болып, марқұм шекарашылардың туыстарымен кездескен комитет төрағасы апат себептерін анықтаумен үш түрлі комиссия айналысатынын мәлімдеді. Алғашқысы әуе апаттарын зерттейтін арнайы топ.
Нұртай Әбіқаев, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы:
— Екіншісі — іс қозғалды. Онымен әскери прокуратура шұғылданады. Үшінші — біздің өзіміздің комитеттің ішінде тексеру басталды.
Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы апатқа себеп болуы ықтимал деген үш жорамалды айтып өтті. Ең біріншісі ауа-райының қолайсыздығы.
Айта кетейіккеше кешкісін Оңтүстікте ауа-райы күрт бұзылып, жаңбырдың арты буырқаған қарға ұласқан болатын. Жергілікті тұрғындар апат болардың алдында ұшақтың ауыл үстінен тым төмен ұшып бара жатқанын байқаған.
Десе де, экипаждың қолында ауа-райы туралы толық мәлімет болған. Және Шымкенттегі әуежай жабылмаған. Төраға айтқан екінші болжам — адами фактор. Бірақ экипаж мүшелері шетінен тәжірибелі көрінеді. АН-72 ұшағын бес мың сағаттық ұшу тәжірибесі бар, кәсіби ұшқыш Марат Нұрахметов басқарған. Апатқа түрткі болуы мүмкін үшіншісі болжам — техникалық ақау.
Астанадан келе жатқанАН-72ұшағы кеше кешкісін Шымкенттің әуежайына жиырма шақырым жетпей, Сайрам ауданындағы Ақтам ауылының маңына құлаған. Соған қарағанда, экипаж мүшелері әуе кемесі ауылдардың үстінен алып кетуге тырысқан сияқты. Апатқа ұшыраған ұшақтың қалдықтары 200 метр радиусқа шашылып кеткен. Соның алдында ғана жергілікті тұрғындар ауыл үстінен тым төмен ұшып бара жатқан ұшақты байқағандарын айтады.
Бауыржан Досов, Сайрам ауданының тұрғыны:
— Даусы да басқаша болды. Сосын түрлі-түсті жарықтары жанып барды. Бір үш-төрт қадам бастым – жарылыс кейін. Барсам бір –екі жерде өрт болып жатыр. Сосын адамдардың киімдері, рюкзактар. Әскери фуражкалар. Адамдардың түрлі дене бөлшектері жатыр екен шашылып…
Межеге жетерде «мерт» болған ұшақта еліміздің шекара қызметінің бастығы Тұрғанбек Стамбеков бастаған бір топ жоғары шенді офицерлер болған. Арасында бас шекарашының жұбайы да бар. Жалпы, биылғы жыл біздің шекара қызметі үшін шытырман оқиғаға толы болды. Ұшақта опат болғандар кеше Астанада өткен әскери кеңесте осы мәселелерді талқыға салып, жылды қорытындылап, күнгейге келе жатқан екен.
Нұртай Әбіқаев, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы:
— Шым-шытырық жағдайлардың бәрін жөндеуге кеше жиналғанбыз. Шым-шытырық жағдайларды шешуге мен өз қаулыммен батыстағы генерал бастығын соттайын деп жатырмыз. Екінші генерал-бастық «береговая охрана» дейді, оны зейнеткерлікке жібердік. Сөйтіп, тәртіп жасап жатырмыз.
Ал Ан-72 ұшағының апатына нақты не себеп болғаны оқиға орнынан табылған «қара жәшік» аталатын борттық таспаға жазу құралы толық зерттелген соң белгілі болмақ. Айта кетейік, апат себебін анықтауға тек отандық мамандар ғана қатыстырылатын болады. Осы оқиға бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы брифинг өткізген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы марқұм болған шенді шекарашылардың орнына уақытша тағайындаулар жасалынғанын да жариялады. Еліміздің шекара қызметін уақытша осы ведомство бастығының бірінші орынбасары, штаб бастығы Абай Бірекешев басқаратын болады. Сондай-ақ, шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасы мен бөлімшелеріне де басшылар тағайынлады.