Былтыр ғана ашалған тұрмыстық қалдықтарды жою цехы алғашында қыруар пайда әкелетіндей көрінген. Себебі, жарамсыз болып қалған техниканы қоқыс жәшігіне тастауға болмайды. Оны арнайы цехта жою қажет. Мәселен электр қуатын үнемдейтін шамды кез-келген қоқыс жәшігіне тастауға үзілді-кесілді тыйым салынған.
Бірнеше жыл бұрын электр қуатын үнемдейтін шамдар жайлы жарнамадан көрген Елена Бояршинова үйіндегі шамдарды бірден осы жарық көзіне ауыстырған еді. Бағасы қымбат болса да жарықты жақсы береді, әрі ақшаны да аз төлейсің дейді. Бірақ күйіп кеткен соң мұны қайда тастарын білмей дал болып жүр.
Елена Бояршинова, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Енді тек қана жәй шамдарды қоятын боламын. Өйткені күйіп кеткендері үйде жиналып қалды. Ал оны қайда тастарыңды білмейсің. Кәдімгі қоқысқа тастайын десем өте зиян дейді. Әр аулаға тым болмағанда тұрмыстық техника мен осындай шамдарды тастайтын бір жәшіктен қойса ғой.
Кәсіпкерлер болса жергілікті билікпен бірігіп арнайы қоқыс контейнерлерін қоюды ойластырып та жүр екен. Әзірге миллионға жуық халқы бар Шымкент үшін 4 жерде ғана орнатылмақ. Егер тұрғындар техникалық қалдықты бөлек тастауды үйренсе, олар әр аулада тұратын болады.
Самат Мұқышев, кәсіпкер:
-Компьютерді, құрамында сынабы бар шамдарды тастай салуға болмайды. Адам денсаулығына зиян. Сондықтан мұндай затарды біз қайта өңдеп, кәдеге жаратуымыз керек. Өкінішке қарай, қарапайым тұрғындар бұл туралы біле бермейді.
Әзірге мұндай цех тек Астана және Орал қалаларында ғана бар екен. Ал, Шымкентте тұрмыстық техниканы тек мемлекеттік мекемелер ғана өткізіп жатыр. Ал тұрғындардың мұндай заттарды арнайы цехқа өткізуге қиналуының бір себебі – олар бұл үшін өздері ақша төлейді.
-Техникалық қалдықтарды қайта өңдеу цехына алып барсаңыз, мәселен, мына компьютерді тапсыруыңыз үшін бір келісіне 20 теңге төлеуіңіз керек. Ал, құрамында сынабы бар мына шам үшін тіпті 70 теңге бересіз. Алайда мұны қымбатсынудың қажеті жоқ дейді кәсіпкерлер. Себебі, мұндай шам қарапайым контейнерде сынатын болса одан тараған сынап жылдар бойы жақын маңдағы тұрғындарды улайды екен.