Оқушылардың ғылыми ізденісін қолдау: Мемлекеттен қолдау бар ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Оқушылардың ғылыми ізденісін қолдау: Мемлекеттен қолдау бар ма?

Оқушылардың ғылыми ізденісін қолдау: Мемлекеттен қолдау бар ма?

Ғылым – күллі әлем өркениетінің бастауы. Сондықтан ғылымға деген қызығушылықты баланың бойына сіңіріп өсіру – ата-ана ғана емес, бүтін бір мемлекет алдында тұрған үлкен міндет. Бұл ретте елімізде оқушылардың ғылымдағы бетбұрысы қандай деген заңды сұрақ туады.

  • 24 Наурыз 2023
  • 102
Фото - Caravan.kz

Бүгінгі мақаламызда Қазақстанда ғылыми-танымдық бағытты қолдау қалай жүзеге асырылып жатыр және отандық оқушылардың ғылымдағы аяқ алысы қандай деген сауалға жауап іздеп көрмекпіз.

Қазақстандағы ғылым: үміт бар ма?

Бүгінде отандық ғылымның аяқ алысы мәз емес. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бір емес, бірнеше мәрте ел алдында мәлімдеме жасаған-ды. Мәселен, 2020 жылғы Ұлттық сенім қоғамдық кеңесінің отырысындағы мәлімдемесінде президент оқушылардың білім деңгейін бағалаудың халықаралық деңгейінің нәтижелері бойынша Қазақстан дамыған елдерден айтарлықтай артта екенін айтты.

«Біздің бұлай артта қалуымыздың себебі өте көп болуы мүмкін. Негізгі себеп – білімге бөлініп жатқан қаражаттың аздығы, сонымен бірге осы бір өте маңызды саладағы реформалардың жүйесіздігінен. Шын мәнінде білім – бұл экономиканың маңызды саласы», — деген болатын ол.

Оның сөзінше, орташа есеппен Қазақстанда бір оқушыға жылына 1 мың доллардан кем емес қаражат жұмсалады. Ал PISA халықаралық бағалау жүйесі бойынша көшбасшы елдер бір оқушыға жылына 10 мыңнан 14 мың долларға дейін қаржы жұмсайды екен.

Қазақстандағы білімнің артта қалуын зерттеген сарапшылардың пікірінше, қала мен ауыл оқушыларының біліміндегі алшақтық өте жоғары. Сол себепті президент осы алшақтықты жою үшін ауыл мен қала балаларына берілетін білімнің деңгейін теңдестіруге тапсырма берген.

«PISA деректері бойынша бұл алшақтық 1,5 жылға тең. Бварлық бала, қайда тұратынына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы білімге қолы жетуі керек. Шаралар қабылдау қажет», — деді президент.

Ал былтырғы жылы Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қауымдастық алдында тұрған мақсатты айқындап берген еді.

«Ғылым, техника мен инновацияның дамуы елдің бәсекеге қабылеттілігін арттырудағы негізші бағыттардың бірі болып саналады», — деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша аталған бағытта ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамытуға баса мән берген абзал.

Президенттің тапсырмалары мен көптеген ғылыми зерттеулер негізінде Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітілді. Ғылым мен технологияларды дамыту үшін арнайы қаржы бөлініп, ғылымда қолдауға мемлекеттік деңгейде көңіл бөліне бастады.

Мәселен, 2022 жылы ғылымда қаржыландыру 70 пайызға өсті. Бұл қолдау 2023 жылы да жалғасын тауып, қолданбалы ғылымды қаржыландыру кезең-кезеңімен жалғасты. Оның ішінде ғылыми зерттеулерді бизнес тарапынан қаржыландыру да қолға алынды. Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жетекші ЖОО мен ірі кәсіпорындар жанынан ғылым-технологиялық парктер, инжинирингтік орталықтар ашылады. Ал биыл ғылымды қолдау мақсатында ғылым зерттеулердің экономикалық әсерін арттыру, жаңа технологияларды жасап шығару және жетілдіру жөніндегі нормаларды қарастыратын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң әзірленбек.

Сонымен бірге әлемдегі үздік ғылыми тәжірибелерді ескере отырып, ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жақсарту үшін Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылады деп жоспарланып отыр. Бұл шаралардың барлығы түптеп келгенде елдегі ғылымды дамыту, қызығушылықты ояту, жақсы ғалымдар контингентін қалыптастыру аясында жасалып отыр.

Ғылымдағы оқушылар: Үміт – жас буында

Ғылымға баулу мектеп табалдырығынан басталады. Ғылымға жастайынан қызығып, осы салада өзінің ізденісі мен білімін арттырып өскен бала, онымен қоса үлкендер тарапынан үлкен қолдау көрген баладан мықты ғалым, технолог, зерттеуші шығатыны анық. Осы тұста, қазақстандық оқушылар да ғылымды дамытуға өзіндік үлесін қосып жүр. Астанада өткен ХII Наурыз кездесулері ғылым байқауында бірнеше оқушының ғылыми ізденісінің куәсі болды. Оқушылардың ғылыми таланты мен зерттеушілік шабытын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл шара биомедицина, инженерия және технологиялар тақырыптарына бағытталған. Аталған шарада Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы Абзал Серікбайдің ғылыми еңбегін ерекше атап өтуде болады. Ол «Kinetic Hand» деп аталатын мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жаңа құрылғыны ойлап тапты.

«Kinetic Hand — бұл 3д принтрде шығарылған экзо-протез. Протездің басты артықшылығы — протездің құны мен оның экологиялылығында. Жобаны дайындау барысында мен NinjaFlex материялын қолдану арқылы протездегі механизмдердің санын төмендетіп, толықтай буынның қозғалысын механикалық түрде қимылға келтіруге мүмкіндік алдым. Жалпы жоба мүмкіндігі шектеулі адамдарға сапалы протезді қолжетімді бағаға алуға негізделген», — дейді оқушы.

Абзал Серікбайдың сөзінше, бұл протез SDU университеті базасында 1 айда жасап шығарылған. Болашақта оқушы оның екінші нұсқасын жасап шығармақ және жыл соңына дейін 5 данасын жасау ойында бар. Одан бөлек байқауға қатысқан 11-сынып оқушысы Алиар Нұрғисаның жедел жәрдем шақыру процесін жылдамдататын қосымшасын, 10-сынып оқушысы Дастан Өзгелдінің жасанды интеллектке негізделген форум функционалдығы бар консилиумдарды ұйымдастыруға, кеңес беруге және медициналық көмек көрсетуге арналған платформасын, Саад Убигалиевтың ДОРА-HAL аринциптеріне негізделген, бірақ 18 есе арзан аяқ-қол сал ауруын емдеуге арналған жаңа құрылғысын атап өтуге болады. Зияткердің айтуы бойынша мұндай құрылғы пациенттерге аяқ қолдарын қайтадан өздігінен қозғалтуға мүмкіндік береді. Ал Цай Анастасия есімді тағы бір оқушы бұл ғылыми байқауға дәрі-дәрмектің қасиеттерін жетілдіру, жаңа иондық қосылыс алу және медицина саласындағы білімді кеңейтуге бағытталған «Жасанды метил димедролының синтезі» ғылыми жұмысын ұсынды.

«Менің «Жасанды метил димедролының синтезі» тақырыбында жоба жасауымның негізгі себебі еліміздегі фармацевтика саласын дәрі-дәрмектерді жетілдіру арқылы дамыту болып табылады. Атап айтар болсам, осы уақытқа дейін белгісіз қасиеттері бар заттардың жаңа синтезін табу маңызды деп санаймын», — деп бөлісті оқушы.

Жалпы алғанда, ел президентінің оқушылардың білімін жетілдіру және ғылым саласын қолдауға бағытталған шаралары көптеген жақсы нәтижеге жол ашады деген үміт бар.

Соңғы жаңалықтар