Жарияланды: 770

Оралда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресей халықтары Ассамблеясы арасында хаттамаға қол қойылды

Оралда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресей халықтары Ассамблеясы арасында хаттамаға қол қойылды

Кеше Орал қаласында «Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық ынтымақтастықты кеңейту» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы өткізіліп,

жиын қорытындысында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресей халықтары Ассамблеясы арасында ниет хаттамасына қол қойылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Ресей халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрайымы Светлана Смирнова, Орынбор облысы халықтары ассамблеясының төрағасы Веналий Амелин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рашит Ахметов, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко және басқалар қатысқан жиынды ашқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, қоғамдық келісім мен тұрақтылық кез келген мемлекеттің алға басуының кепілі болып табылады. Осы бағытта екі ел басшылары орасан күш-жігерлерін жұмсап келеді. Жаһандану жағдайында қос мемлекеттің тарихи тамырының тереңдігі мен бүгінгі байланыстарының беріктігі маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Ресей Қазақстанның басты стратегиялық әріптес екендігі айқын. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанына 20 жыл толды, осы орайда қазақстандықтар тәжірибесін өзге елдер зерттеу үстінде. Соның ішінде Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысының түрлі салада ынтымақтастықты нығайтуда мүмкіндігі мол. Бұған мысал ретінде осыдан он тоғыз жыл бұрын ұйымдастырылған Жайық өзені бойындағы қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық экспедициясын айтуға болады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, бүгінде халықаралық сипат алған аталмыш экспедиция - екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісі. Е.Тоғжанов сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, осы орайда Қазақстан мен Ресей арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық пен мәдени өзара ықпалдастықты нығайтуда ҚХА және РХА айрықша рөл атқаратынын атап көрсетті. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы БҰҰ-да таныстырылып, Еуропаның 56 елінде тақырып ретінде көтерілгені белгілі. «Болашақта бірлік тақырыбы күн тәртібінен ешқашан түспейді. Барлық ел оған көз жеткізді. Сондай-ақ «100 нақты қадам» бағдарламасы да тек бірліктің арқасында жүзеге аспақ. Бес реформаның барлығына да бірліктің арқасында қол жеткізе аламыз», деді ҚХА төрағасының орынбасары. Аталмыш бағдарламаға сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға да бірқатар өзгерістер енгізілмек.

Ресей халықтары Ассамблеясы кеңесінің төрайымы Светлана Смирнова «100 нақты қадам» бағдарламасы мен ҚХА тәжірибесі Ресейде назарға алынғанын жеткізді. 1998 жылы құрылған РХА 193 ұлттың өкілдерін біріктіреді. Ресейде 277 тіл мен диалекті болса, соның 87-сі бойынша білім беру бағдарламасы қолданылады.  Ұлтаралық келісімді сақтаумен бірге шекаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Этномәдени бірлестіктерді тарта отырып, бірлескен шаралар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, ғылыми конференциялар өткізіп, жинақтар шығаруға болады. Сондықтан ҚХА мен РХА арасындағы ниет хаттамасы негізінде тараптар бірлескен нақты іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруды көздейтін ынтымақтастық туралы келісімге де қол қоятын болады. 

null

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін