Каркулалар отбасына қарақшылық шабуыл жасағандардың екеуі қамауға алынған. Топтың барлық мүшелері құрыққа ілінгенше полиция ақпаратты құпия ұстапты. Бірақ қылмысты ұйымдастырған қаскөй бәрібір із жасырып үлгерген.
Махамбет Әбісәтов, БҚО ІІД бастығы:
-Өкінішке орай ақпарат құралдарының іске араласуы қиындық тудырды. Қылмысқа қатысы бар Тоғаев Азамат Жұмағалиұлы қазір қашып жүр, оған іздеу жарияланды.
28 және 36 жастағы қос азамат қылмыстарын бірден мойындаған. Сондай-ақ олардың көлігінде Виталий Каркуланы атып өлтірген шолақ мылтық табылып отыр.
Халидолла Дәуешов, БҚО прокурорының орынбасары:
-Екі азамат ұсталды. Олар Орал қаласы ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта аталған азаматтар өз кінәларын мойындау туралы жауаптарын беруде.
Қанды қылмыс қаңтардың 13 күні болды. Қаскөйлер жергілікті кәсіпкерді үш мәрте атып өлтірсе, облыстық мәслихат депутаты қызметіндегі оның жұбайын өлімші етіп сабаған. Сөйтіп, миллион теңге қолма-қол ақша мен 3 миллион теңгенің зергерлік бұйымдарын өздерімен бірге ала кетіпті. Алғашында көбі қылмысты кәсіпкердің қызметімен байланыстырған. Бірақ тәртіп сақшылары бүгін оны жоққа шығарды.
Махамбет Әбісәтов, БҚО ІІД бастығы:
-Қылмысқа итермелеген жалғыз себеп ол қарақшылық. Дүние-мүлік, қымбат заттар мен ақшаны иемдену үшін олар Каркула жанұясына шабуыл жасаған. Басқа нұсқалар бойынша тергеу тоқтатылды.
Анықталғандай көрші ауылда тұрып, марқұмның қожалығында жұмыс жасаған жігіт сыбайластарын Каркуланың үйіне бастап барған. Екеуі ұсталғанымен, топтың серкесі әлі бостандықта жүр. 33 жастағы Орынбор облысының тумасы Азамат Тоғаевты полицейлер әккі қылмыскер деп отыр. Үш мәрте сотталған. Сондықтан ол туралы қандай да бір ақпарат бергендерге қомақты сыйақы да тағайындады.