Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Polpharma тобының Қазақстандағы фармацевтика саласын дамытуға қосқан үлесі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің XXXVIII пленарлық отырысы аясында Polpharma тобының Бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старакты II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл марапат оның Қазақстанның фармацевтика саласын дамытуға, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және заманауи дәрілік препараттардың қолжетімділігін арттыруға қосқан көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға болды.
Елордада өткен баспасөз конференциясында Ежи Старак бұл марапатты өзінің ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға деп қабылдайтынын атап өтті.
– Бұл марапатты достық пен өзара сенімнің белгісі деп қабылдаймын. Бұл – менің ғана емес, күн сайын пациенттердің денсаулығы үшін еңбек етіп жүрген Polpharma тобы мен Polpharma Santo-ның еңбегіне берілген баға. Қазақстанға 15 жылдан бері инвестиция салып келеміз. Сондықтан қазақстандық пациенттердің денсаулығы үшін үлкен жауапкершілік сезінемін, — деді ол.
Қазақстан – ұзақ мерзімді серіктес
Polpharma Santo бүгінде Қазақстандағы ең ірі дәрілік препарат өндірушілердің бірі саналады. Шымкенттегі кәсіпорында елімізде қолданылатын дәрі-дәрмектің әрбір бесінші қаптамасы өндіріледі. Компания 1400-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Компания портфелінде 14 терапиялық бағыт бойынша 380-нен астам дәрілік препарат бар. Соңғы 15 жыл ішінде ампулалар мен инфузиялық ерітінділер, антибиотик ұнтақтары, сондай-ақ таблетка мен капсула сияқты дәрілік өнімдер өндірісі толық жаңғыртылды. Инновациялар және сапа орталығы, сондай-ақ Цифрлық инженерлік білім беру орталығы іске қосылды. Бүгінде өндіріс GMP және GDP халықаралық стандарттарына толық сәйкес келеді. 2025 жылы Polpharma Santo Еуропалық Одақтың GMP сертификатын алған Орталық Азиядағы алғашқы компания атанды. Бұл кәсіпорынға Еуропалық Одақ нарығына шығуға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Ежи Старактың айтуынша, Қазақстан Polpharma үшін жай ғана нарық емес.
– Біз үшін Қазақстан – жай ғана нарық емес, ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес. Біз өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және фармацевтика саласындағы тәжірибені жетілдіруге тұрақты түрде инвестиция салып келеміз. Осы арқылы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына үлес қосуды мақсат етеміз, – деді ол.
Компания Қазақстандағы өндірісті кеңейтуді жалғастырып келеді. 2026–2036 жылдарға арналған, құны 60 млн еуро болатын инвестициялық бағдарлама аясында өндірістік қуат ұлғайтылып, халықаралық стандарттарға сай жаңа дәрілік препараттар шығарылады. Сонымен қатар онкологиялық, кардиологиялық, инфекциялық және созылмалы ауруларды емдеуге, сондай-ақ туберкулезге қарсы бірқатар препаратты Қазақстанда өндіру жоспарланған.
Ежи Старак отандық өндірісті дамытудың маңызы пандемия кезінде айқын көрінгенін атап өтті.
– Пандемия кезінде бүкіл әлем дәрілік қауіпсіздіктің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін айқын аңғарды. Шекаралар жабылғанда сырттан дәрі жеткізу қиындады. Сондықтан әр мемлекет үшін өз аумағында дәрі өндіру – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Біз Қазақстанда өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды шығаратынымызды мақтан тұтамыз, — деді ол.
Жасанды интеллект өндірістің тиімділігін арттыруда
Баспасөз конференциясында Polpharma тобы енгізіп жатқан цифрлық технологияларға да ерекше назар аударылды.
Polpharma тобы директорлар кеңесінің мүшесі әрі трансформация және цифрландыру тобының жетекшісі Фабрицио Франчезионың айтуынша, жасанды интеллект бүгінде дәрілік препараттарды әзірлеуден бастап өндірісті басқару мен сапаны бақылауға дейінгі көптеген бағытта қолданылып келеді.
– Цифрлық трансформация – жай ғана тренд емес. Бұл — компанияның ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі. Жасанды интеллект өнім әзірлеуді жеделдетуге, өндірістік үдерістерді жетілдіруге және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Компания өндірістегі деректерді талдау, үдерістерді модельдеу және сапаны бақылау үшін цифрлық шешімдерді пайдаланады. Мұндай технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, дәрілік препараттардың сапасын жақсартуға және пациенттерге қажетті дәріні уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Фабрицио Франчезионың сөзінше, Polpharma жасанды интеллектіні енгізумен қатар деректердің қауіпсіздігіне де ерекше мән береді және бұл бағыттағы жұмысты Қазақстанмен бірлесіп жалғастыруға ниетті.
– Қазақстандағы өндірісті кеңейту, жаңа дәрілік препараттарды игеру, мамандар даярлау және цифрлық технологияларды енгізу – мұның бәрі Polpharma Santo-ның елдегі ұзақ мерзімді жоспарының бір бөлігі. Біз деректердің қауіпсіздігіне де ерекше мән беріп отырмыз. Алдағы уақытта да Қазақстан фармацевтика саласына инвестиция салу және денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді, — деді ол.
Компания өндірісті дамытумен қатар, салаға қажетті кадрларды даярлауға да көңіл бөліп келеді. Polpharma Santo Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кәсіпорын жанынан ашылған Цифрлық инженерлік білім беру орталығында өндірісті автоматтандыру, цифрлық технологиялар және инженерлік бағыттар бойынша мамандар даярланады. Бұл өндірістегі заманауи технологияларды меңгерген қазақстандық кадрлардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Осылайша, Polpharma Santo Қазақстандағы өндірісті кеңейтіп қана қоймай, жаңа технологияларды енгізу, мамандар даярлау және отандық фармацевтика саласының дамуына үлес қосу бағытындағы жұмысын жалғастыруды көздеп отыр.