Бұл кешелі бері Оралдағы 170/2 түзету мекемесінің алдында орын алып отырған жағдай. Тіпті ішке кіріп, жақынының жағдайын білу үшін жұрт күзетшілермен жаға жыртысуға дейін барды. Ал осының барлығы абақтыдағы әдеттегі тыйым салынған заттарға тінту жүргізуінен кейін басталыпты. Бірақ арты мынадай бүлікке ұласқан.
Шолпан, сотталушының туысы:
— Мына түрменің ішінде не болып жатқанын бір құдай біледі. Ішінде арнайы жасақ пен сақшылар қаптап жүр. Мына бір полициялар форма киіп алып, мәз болып жүр ғой өздерінше. Осылар таңғы 3 жарымды бізді домалатып сабап шықты, қуып. Іште отырғандар адамдар ғой, мал емес. Қарны жарық, аяғы сынық біреуінің.
Бүлікшілердің дені түрменің шатырына шығып, түсуден бас тартуда. Айғайға салып, айтқанынан жұрттың ұққаны іште қаптаған арнайы жасақ күш қолданыпты. Жазасын өтеушілердің алды тіпті күре тамырлары мен ішін тілгілеген. Шамамен 62 адам жараланған көрінеді.
Павел Кочетков, Адам құқын қорғау бюросының Орал өңірлік бөлімінің директоры:
— Көбі қатты таяқ жеген. Меніңше сарбаздар ұрған. Нақты айту қиын қанша адамның жараланғанын.
Іште бүліктің шыққанын түрме басшылығы ресми растады. Бірақ 30-шақты адамның жарақат алғаны болмаса, «адам өліпті» деген ақпардың жалған екенін жеткізді. Ал шуды абақты тәртібіне бағынуды құп көрмегендердің әдейі ұйымдастырған әрекеті дейді.
Азамат Базылбеков, ҚР ҚАЖК төрағасының орынбасары:
— Бүлікті шығарушылар түрме әкімшілігі талаптармен келіспей отырғандар. Тиым салынған заттарды тәркілегеннен кейін болып отыр. Иә, жараланғандар бар, бірақ оларды ешкім ұрған жоқ. Өз өздерін әдейі солай көрсетуде.
Десе де қазір тыныштық сақталу үшін құрамына сотталушылардың туыстары алынған комиссия құрылып, қызметтік тексеру басталды.