«Мұндай актіні жасап оған қол қоюдың өзі қылмыс. Бұның бәрін зерттеп, құжатқа қол қойған шенеуніктердің лауазымына қарамастан оларды қылмыстық жауапқа тарту керек. Бұл басқалар үшін сабақ болуға тиіс. Адамдар қаза болды, ал олар адамдардың өмірін тыйынға бағалаған «, — деп мәлімдеді ТЖ комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев.
Газ шаруашылығының өкілі айтқанындай, зардап шеккендерге жалпы 1 млн 795 мың 500 теңге төленеді.
«Мәселе ақырындап шешіліп жатыр, өйткені «ҚазТрансГаз» бұл мәселеден қашқақтап отырған жоқ. Адамдарға көмек көрсету керек екендігі түсінікті. Көмек береміз. Бірақ олар біздің қызметкерлеріміз емес қой, сондықтан ойға сыйымды көлемде қаржылық көмек көрсетіледі. Бұл Қарағандыдағы оқиға емес қой …», — деді Оңтүстік Қазақстанның газ шаруашылығының басшысы Болат Құнанбаев.
Алайда комиссия мүшелері мұндай пікірмен келіспей отыр. Алқа жиналысына қатысып отырғандардың бірі айтқанындай, актіде тосын оқиға болған үйдің қабырғасында газды тарату қосалқы станциясының шкафы тұрған деп жазылмаған және газ шаруашылығының қызметкерлері төрт адамның өмірін жалмап кеткен бірінші жарылыс газ плитаның жабылмағандығынан туындаған дегенді желеу етіп отыр.
И. Әбішев құқық қорғау органдарына екінші тергеу жұмыстарын жасауды тапсырды және қажет болса Ресейдің тәуелсіз сарапшыларын шақыру керек дегенді айтты.
Комиссия отырысында медицина қызметкерлеріне қатысты сын айтылды.
Комиссия төрағасы облыстық денсаулық сақтау және әлеуметтік департамент басшылығына зардап шеккендерді одан әрі емдеп, тиісті көмектерді «созбай» көрсету жөнінде тапсырма берді.
Бұдан бұрын хабарланғанындай 15-17 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Орманшы ауылындағы №8 Б. Момышұлы көшесінде газ құбырының екі жарылысы болды. Бірінші оқиғада 5 адам зардап шексе , ал екінші жарылыстан 19 адам орта дәрежелі күйікке шалдығып, ауруханаға жатқызылды. Оның үшеуі кейін ауруханада көз жұмды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті