Жарияланды: 440

Өскеменде «Наурыз банктің» салымшылары таратушы комиссияның жұмысын тексеруді талап етті

Таратылған «Наурыз банк» АҚ-ның өскемендік салымшылары ұлттық банктің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау комитетіне таратушы комиссияның Шығыс Қазақстандық филиалының жұмысын тексеруді талап етіп, хат жолдады, деп хабарлады бастамашылар тобының жетекшісі Евгений Харитонов.

«Хаттың астына ондаған адам қол қойды. Біз комитеттен жауап күтеміз, кейін президентке, премьер-министрге және қаржы полициясына жолдаймыз. Біздің тәжірибеміз бар, осындай хаттан кейін 2007 жылы президент әкімшілігінің нұсқауымен таратылатын массадан алып шықпақ болған мүлікті қамаудан босатқан болатын», - деп хабарлады Е. Харитонов. «Наурыз банктің» таратушы комиссиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының бұрынғы төрайымы Нұрия Майшекенова мәлімдегендей, банкке кепілдікке берілген Семей қаласындағы жылыжай кешенінен ауыртпалық 2007 жылы алынған. Ал Е. Харитоновтың айтуынша, Н. Майшекенова әділет органдарына жылыжай иесі Т3,2 млн көлеміндегі қарызын қайтарғаны туралы хат жазған, ал шын мәнінде «ақша әлі күнге дейін төленбеген». «Жылыжайдың иесі кешенді жедел түрде басқа біреуге сатты, ал жаңа иесі оны бірден басқа банкке кепілдікке қойды. Осының нәтижесінде таратушы комиссия кепілдегі мүліктен айырылды, демек кредиторлардың қарыздарын қайтару үшін оны сату мүмкіндігінен де айырылып қалды деген сөз», - дейді бастамашылар тобының жетекшісі. Е. Харитоновтың атап көрсетуінше, өткен жылы бастамашылар тобы жүгінген Өскемен соты «Майшекенованың әрекеттерінен таратушы комиссияға, демек салымшыларға тікелей залал таппағандықтан», арыздарын қабылдаудан бас тартқан. Қаржы полициясының департаменті таратушы комиссиясы филиалының басшысына қарсы қозғалған қылмыстық істі мерзімі өтіп кеткен деп жауып тастаған. «Біз барлық сот отырыстарына бардық, Майшекенованың үш жыл бұрын жылыжай кешенінің иесінен Т3,2 млн өндіріп беруге шағым түсіргенін білдік. Осылай бола тұра, ол комиссияның бас кеңсесіне жылыжай әлі «Наурыз банктің» кепілдігінде тұр деп ақпарат берген», - деді Е. Харитонов. Бастамашылар тобының жетекшісі Е. Харитоновтың айтуынша, таратушы комиссияның өз мәліметтеріне сәйкес, үстіміздегі жылдың сәуір айында «Наурыз банк» АҚ-ның балансынан Т44 млрд дебиторлық қарыз шығарылған. «Бұл соманың бір бөлігі жылыжаймен болған оқиғадағы сияқты есептен шығарылуы мүмкін», дейді салымшы. «Біз құзырлы органдардан таратушы комиссияның шығысқазақстандық филиалының жұмысын тексеруді және салымшыларға ақшаларын толық көлемде төлеуді талап етеміз», - деп қорытындылады Е. Харитонов. Шығыс Қазақстанда бұрынғы «Наурыз банктің» 600-дей салымшысы бар. Банкті тарата бастағаннан бері салымшыларға салымдарындағы соманың 88% төленді. 2009 жылдан бері тарату массасының жетіспеушілігіне байланысты төлем жасау тоқтатылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть