Жарияланды: 440

Өскеменде зейнеткер жергілікті монополиспен соттасып, 26 теңге өндіріп алды

Өскемен тұрғыны жергілікті энергетиктермен екі жыл соттасып, 26 теңге өндіріп алды. Барлық былық өңірді жарықпен қамтамасыз ететін «ШығысЭнерготрейд» компаниясының заңсыз төлем талап етуінен басталған. Коммуналдық қызмет үшін келген түбіректе 26 теңгенің артық жазылғанын монополистке дәлелдей алмаған 67 жастағы зейнеткер, ақыры сотқа жүгінуге мәжбүр болыпты. Қайтарғаным тиын болса да, бұл оларға сабақ болды дейді қарияның өзі.

Зейнеткер Виталий Чирва мен «Шығысэнерготрейд» арасындағы сот 2009-шы жылы басталған. Қария сол жылдың маусым айына келген түбіртекте коммуналдық төлем ақысының қате есептелгендігін айтып, энергетикалық компанияға күн сайын барыпты. Алайда монополист оған мән берсін бе. Әбден ызаға булыққан қария осыдан соң кәсіпорынды сотқа берген.

Виталий Чирва, Өскемен қаласының тұрғыны:

-Неге қорқам? Олар бухгалтерлік есеп туралы заңдарды өрескел бұзып тұр. Тарифті айдың 10-да көтерсе де, менен 18 күннің ақысын заңсыз алған.

Есептей келе қария тиісті 409 теңгенің орнына, 435 теңге төлепті. Алған бетінен қайтпаған зейнеткер «артық төлеген ақшам нан алуға жетпесе де, басқаларға сабақ болсын деп, соттың соңына дейін шыдадым» дейді. Алайда бұдан қорытынды шығарып отырған монополист жоқ.

Светлана Нищенко, «Шығысэнерготрейд» ЖШС  қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі:

-Жарты миллион тұтынушымыз бар, төлемдердің барлығын арнайы аппарат есептейді. Бір жерден мүлт кетуі әбден мүмкін. Сондықтан мұнда тұрған сұмдық ештеңе жоқ.

Энергетикалық компания мұндай қателікті жиі жіберетіндігі туралы бәсекелестікті қорғау агенттігі де хабардар. Өткен жылы төлемдерді дұрыс есептемей, тұтынушылардың қалтасын қаққаны үшін үкіметке 33 млн теңгеден астам айыппұл төлепті.

Азамат Әбішев, ҚР бәсекелестікті қорғау агенттігі, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша өңіраралық инспекциясының бас маманы:

-2010-шы жылы осындай оқиға болған дәл осындай оқиға, 2011 жылы да болып жатыр. Сол туралы біз тергеу өткізіп осы 2011 жаз айларында  Өскемен қаласының мамандандырылған сотымен қаулы шықты біздің шешіміз дұрыс деп жарияланды.

Дегенмен «Шығысэнерготрейд» мекемесі мұны әдеттегі жағдай деп бағалап отыр. Бірақ есепке жүгінсеңіз заңсыз артық төлемнен компанияның көріп отырған пайдасы шаш етекен. Осыны дәлелдеген Виталий Чирва басқа тұрғындарды да әділетсіз монополистермен күресуге шақырады. Зейнеткер  «осындай жағдай алдағы уақытта қайталанса, тағы да соттасуға бармын»- дейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін